09.02.2017
ҚР сыртқы істер министрлігі хабарлағандай, елші өз сөзінде іс-шараға қатысушыларды Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың билік тармақтары арасында өкілеттіктерді бөлу мәселесі бойынша үндеуінің және «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жыл сайынғы Жолдауының негізгі ережелерімен таныстырып өтті.
Елші саяси және әлеуметтік-экономикалық саладағы ауқымды реформалар Қазақстанның дамуын одан әрі ілгерілетуді қамтамасыз етуге, мемлекеттік құрылыс жүйесін және ұлттық экономиканы жаңа геосаяси шындықтарға бейімдеуге бағытталғанын ерекше атап өтті. Олар Қазақстанның стратегиялық мақсаттарына және елде жүргізіліп жатқан институционалдық реформаларға толық сәйкес келеді.
«Әлем бір орында тұрған жоқ, күрделі өзгерістер жүріп жатыр, геосаясатта жаңа трендтер пайда болды. Осы жағдайлар елді басқарудың анағұрлым тиімді, тұрақты және заманауи жүйесін талап етеді», – деді Самат Ордабаев.
Қазақстандық дипломат аудиторияның назарын биылғы Жолдаудың негізгі ережелеріне аударды, онда жаһандық бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ететін және елдің жаңа жаһандық шындықтағы позицияларын нығайтуға мүмкіндік беретін экономикалық өсудің жаңа моделінің бес негізгі басымдықтарына баса назар аударылған.
Тыңдармандар Қазақстанның жылдамдатылған технологиялық жаңару және цифрлық технологиялар базасында жаңа перспективалы салалар құру, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту ниетіне қызығушылық танытты.
КиБжТ ректоры Елена Яковлева еліміздің дамуын және Қазақстан Президентінің бәсекеге қабілетті Қазақстанның қалыптасуындағы рөлін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, ол институт делегациясының Астанадағы «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің экспозицияларын аралауға ниетті екені айтты.