02.10.2014
«Партияның «2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы» қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыруға, мемлекеттік органдарда және квазимемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлықтың пайда болуының алғышарттарын азайтуға, бизнес жүргізуге әкімшілік кедергілерді жоюға, орталықта және жергілікті жерде жемқорлық жағдайына қоғамдық мониторинг жасауды күшейтуге бағытталған», - деді Б.Байбек.
Оның айтуынша, жемқорлыққа қарсы күрес бойынша қолға алынып жатқан барлық шаралар Қазақстанның 2050 жылға дейін әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына енуіне бағытталмақ.
«Атқарылған жұмыстар тиімділігінің негізгі көрсеткіші Қазақстанның 2025 жылы Бәсекеге қабілеттіліктің ғаламдық индексі елдерінің «бейресми төлемдер мен шаралар деңгейі» көрсеткіші және Дүниежүзілік банктің «Бизнес жүргізудің жеңілдігі» рейтингі бойынша алдыңғы 30 елдің қатарына енуі болмақшы», - деді ол.
Естеріңізге салсақ, үстіміздегі жылдың шілде айында «Нұр Отан» партиясы 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасын қоғам талқысына ұсынған болатын. Аталған құжат жобасы партия және сарапшылар алаңында қарастырылып, талқыланған. Бағдарлама жобасы бойынша осы аралықта Партия мүшелері, сараптау қоғамдастығы мен интернет-пайдаланушылардан 900-ге жуық ұсыныстар мен толықтырулар келіп түскен.
Индира Қауметова