04.10.2017
Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Ақтөбе» алқабында несиеге берілетін әрі жылдам салынатын бір қабатты және екі қабатты тұрғын-үй құрылысының жай-күйімен танысты.
Қазақстан Президенті еліміздің тұрғындары үшін «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асырудың маңызды екенін ерекше атап өтті.
«Халықтың әл-ауқатын арттыруда бұл бағдарламаның маңызы зор. Біздің басты мақсатымыз – азаматтардың жайлы тұрмысы үшін қажетті инфрақұрылым қалыптастырып, оларды жұмыспен қамтамасыз ету», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысына «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларының іске асырылу барысы жөнінде баяндады. «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы биыл облыстағы 1000-нан астам отбасын тұрғын-үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Соңында Елбасы аталған жобаны іске асыруға атсалысып жатқан құрылыс компанияларының өкілдерімен әңгімелесті.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Шығармашылық академиясына барды.
Елбасы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін дамыту бағдарламасы арқылы салынған Шығармашылық академиясына барды.
Қазақстан Президентіне академияның жұмыс жоспары жөнінде баяндалды. Онда бір уақытта 1000-ға жуық бала ғылыми және шығармашылық қызметпен айналысып, өздерінің ақпараттық технологиялар саласындағы қабілеттерін дамыта алады.
Соңында облыс әкімі Б.Сапарбаев өңірдің қазіргі кезеңдегі негізгі даму көрсеткіштері туралы айтты.
Шығармашылық академиясы «Қазхром» трансұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының қаржысына салынған. Мекеме 6-18 жас аралығындағы балалар мен жастарға мектептен тыс қосымша білім беруге арналған.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы «CNPC-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамының қаржысына салынған жаңа Өнер орталығын аралап көрді.
Қазақстан Президентіне облыстық филармонияның шығармашылық ұжымдары өз өнерлерін көрсетті.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Өнер орталығының қызметкерлерімен кездесіп, оларға шығармашылық табыс тіледі.
Өнер орталығындағы бірегей концерттік зал 1200 адамға арналған. Орталықта көпшілік қатысатын іс-шаралар мен шығармашылық концерттер өткізілетін болады.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев «Жұбановтар әлемі» атты жаңа орталықты аралап көрді. Орталық атақты Жұбановтар әулетінің көрнекті тұлғаларының шығармашылық мұрасын дәріптеу, сондай-ақ дарынды балаларды оқыту мақсатымен салынды.
Мемлекет басшысына бұл нысанның құрылысы жеке адамдардың қаржысы арқылы жүргізілгені баяндалды.
Қазақстан Президенті еліміздің көрнекті ғылым және өнер қайраткерлері – Жұбановтардың өмірі мен шығармашылығына арналған музейді аралап көрді.
Бұдан бөлек, Елбасы облыстың жұртшылық өкілдерімен кездесті.
Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында атап көрсетілген жаңғыру үдерісінің ерекшеліктеріне тоқталды.
«Әлем көз алдымызда өзгеруде, біз сол өзгерістердің ортасындамыз. Жаңа ғылымдар пайда болып, тың көзқарас қалыптасуда. Барлық реформалар, соның ішінде қоғамдық сананы жаңғырту үдерісі замандастарымызды жарқын болашаққа дайындау үшін жасалуда», – деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ, Елбасы Астана, Алматы, Шымкент қалаларымен қатар Ақтөбе де инновация орталығы болып, өндірістік, қаржылық және адами ресурстарды тартатын факторға айналуға тиіс екендігін ерекше атап өтті.
«Тәуелсіздік жылдарында Ақтөбе облысының халқы екі есе өсті. Осы көрсеткішті арттыру мақсатымен мұнда тұтас шағын аудандар мен қажетті инфрақұрылым салынуда. Барлық жағдай жасалып жатыр. Тұрғын-үй, жол салынып, газ бен су құбырлары тартылуда. Сол сияқты бүкіл Қазақстан аумағы жол желісімен қамтылады. Міне, даму дегеніміз – осы. Мұны адами даму деуге де болады», – деді Мемлекет басшысы.
Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев облыс тұрындарына амандық пен бақ-береке тілеп, еліміздің өркендеуі жолында табысқа жетулеріне ниеттестігін білдірді.