28.08.2017
«Жемқорлықты азайту үшін барлық үрдіске ашықтық енгізу қарастырылған. Біз бір көзден сатып алу үлесін азайтуымыз керек. Барлық сатып алулардың 70 пайызы бір көзден сатып алынады. Қаржы министрлігінің басты міндеті аталмыш үлесті азайтып, мемтапсырыстың бәсекелестігін арттыру. Себебі, бір көзден сатып алу жемқорлықты білдіреді. Бір көзді төмендету үшін талаптарды жеңілдету керек, себебі талапқа сай болмаған сатып алу жарамсыз болады. Сондықтан да, оларды жеңілдетіп, бәсекеге қабілетті орта жасау керек», - деді С.Ахметов.
Сәбит Ахметов айтып өткендей, орташа 3-4 трлн сатып алым болса, 2 трлн теңгесі барлық сатып алымның жарты бөлігін құрайды.
«Ашық лоббилендіру бізде жоқ, өтініштерді қарау кезде талғам болады, барлығы заң бойынша, алайда жасырын жүзеге асады. Сондықтан да барлығын жеңілдетіп, ешкімді лоббирлендіріп, басымдық бермеуді қамтамасыз етуіміз керек. Мәселен, 30-40 мектеп өзіне көмір сатып алады. Көлем көп болған кезде, біз барлығын бір деңгейде орталықтандыруымыз керек», - деді спикер.
Айта кетейік, Қаржы министрлігі квазимемлекеттік сектордың субъектілерін сатып алуды заңды түрде реттеу мен мемлекеттік сатып алуларды орталықтандыруды қарастыратын заң жобасын әзірледі.
«Орталықтандырудың басымдығы неде? Біріншіден, көлем есебінен – бұл баға. Қарасаңыз, сіз базарға барсаңыз 10 қап қантты көтерме бағамен сатып алам дейсіз. Бұл жерде де солай. Біз сатып алғанда бір емес бірнешеуін бірден аламыз. Жеткізу бойынша бағасын келісеміз. Бұл сатып алуды жақсартады», - деді Сәбит Ахметов.
ҚР ҚМ Мемлекеттік сатып алу заңнамасы департаментінің директоры кәсіпкерлердің мемтапсырыстарға қолжетімділігі қалай болатындығы туралы баяндады.
«Бүгінгі таңда біздің бір портал, кез келген адам үйінде отырып, компьютер арқылы қатыса алады. Бұл жағынан шектеу жоқ. Осы орайда берілген өтінімдер қабылданбауы мүмкін. Біз талаптарды жеңілдетпекпіз. Құрылыс туралы айтатын болсақ, жұмыстарды сатып алу кезінде техникалық сипаттама жобалық-сметалық құжатнама болады. Оның өз тәртібі бар, 1000 техник болуы мүмкін, олардың әрбіріне растайтын құжат керек. Бұл өте көп. Құрылысқа рұқсаттың болуы оның еңбек ресурсына ие екендігін білдіреді», - деді ол.
Ақбота Күзекбай