22.08.2017
Қазақстан Президенті өз сұхбатында көптеген іс-шаралардың арқасында Қазақстан дүние жүзіне белгілі бола бастағанына назар аударды.
«Қазақстан дүние жүзіне белгілі бола бастады. Біздің еліміз әлемнің 193 мемлекетінің арасынан орын алды. Өткізіліп жатқан көптеген іс-шаралардың арқасында Қазақстан барлық әлемге танымал бола бастады. Осы іс-шаралардың арасында EXPO 2017 көрмесі ерекше орын алады», - деді Ұлт көшбасшысы.
Н. Назарбаев көрмені Қазақстанда өткізу құқығын жеңіп алу оңай іс болмағанын атап өтті.
«EXPO 2017 тек Қазақстан үшін ғана емес, күллі технология әлемі үшін ешкім күтпеген қуатты іс-шараға айналды. Біз қысқа уақыт ішінде Астанада жаңа әрі үлкен ауданды тұрғызып шықтық. Бұл – ерекше аудан. Ол қазірден-ақ барша қазақстандықтар мен шетелдік қонақтар баратын сүйікті, көрнекті орынға айналды. Біз көрме өтетін үш ай ішінде келушілер саны 2 миллионға жетеді деп жоспарлағанбыз. Алайда екі ай ішінде ғана 2,5 миллион адам келді. Әрбір павильонға кіру санын есептегенде, бұл көрсеткіш 20 миллионға жеткен», - деді Елбасы.