• usd 0.00%
    432.93
  • eur 0.00%
    496.18
  • rub 0.00%
    5.7
  • gbp 0.00%
    587.4
  • cny 0.00%
    68.07
Еліміз Мемлекеттік рәміздердің 25 жылдығын қалай атап өтуде (ШОЛУ) 03.06.2017

1992 жылғы 4 маусымда еліміздің мемлекеттік рәміздері үш заңмен бекітілген еді. Ал 1996 жылғы қаңтарда осы заңдардың ережелері «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңы негізінде ҚР Президентінің Жарлығына жинақталды.

«Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 20 қаңтардағы №382 Жарлығына толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 4 маусымдағы №337 Жарлығына сәйкес, 4 маусым күні республикамызда Мемлекеттік рәміздер күні атап өтіледі. Мемлекеттік рәміздер – мемлекеттің конституциялық заңда айқындалған ерекше белгілері.

Олар - Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Әнұран.

Мемлекеттік рәміздер күнінің басты идеясы жастар патриотизмін және барлық ұлттардың бірлігін нығайту және тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері мен құндылықтарын насихаттау болып табылады.

Қазақстанның барлық қалаларында Мемлекеттік рәміздер күніне арналған іс-шаралар бастау алды.

Мерекелік іс-шараларға барлық мәдени ұйымдар, оқушылар, студенттер, жастар қатысуда. Бұл мереке бірінші кезекте жастарға - өз ісінің мамандарына және еліміздің шынайы патриоттарына арналған.

Сонымен қатар, мемлекеттік рәміздердің 25 жылдығына орай Астана, Алматы, Қарағанды, Тараз, Өскемен, Шымкент, Ақтау сияқты ірі қалаларда қала әкімдіктері ұйымдастырған ауқымды акциялар, форумдар, концерттер өтуде.

Сондай-ақ, спорттық іс-шаралар да – осы күнге орайластырылған марафондар, велошерулер, автошерулер өтіп жатыр. Мысалы, 3 маусымда елордада Астана қаласының әкімдігі, Дене шынықтыру және спорт басқармасы, Спорттық-көпшілік іс-шараларды өткізу дирекциясы ҚР мемлекеттік рәміздері күніне арналған жаппай велошеру ұйымдастыруда. Аталған іс-шара жыл сайын өткізіліп тұрады және 2500-ге жуық адамды, велоспорт әуесқойларын жинайды.

Осы жолы велошеруге қатысушыларға Қабанбай батыр көшесінің бойымен, одан әрі Қорғалжын тас жолы, Тұран даңғылы бойынша 10 км 500 м қашықтықты өтіп, «Астана Арена» стадионының жанында тоқтауға тура келеді. Жыл сайын велошеруге спортшылар, қоғам қайраткерлері, белгілі тұлғалар тікелей қатысып, оған қолдау көрсетеді. 

Шынында да, мемлекеттік рәміздер еліміздің жеңістерімен және жетістіктерімен тығыз байланысты. Сол себепті, біздің рәміздеріміз әлемнің ірі спорттық шараларында ерекше көзге түседі. Дүбірлі додада топ жарып, көк байрағымызды желбіретіп, егемен еліміздің абыройын асқақтатқан чемпион отандастарымыз қаншама!

Біздің ғарышкерлеріміз де Ғарышқа Мемлекеттік Туды өздерімен бірге алады, ал Әнұранымыз планетамыздың Солтүстік және Оңтүстік полюстерінде шырқалды.

Өткізіліп жатқан іс-шаралар туралы тақырыпты жалғастыратын болсақ, 2 маусымда жергілікті және мемлекеттік органдардың басшылары Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықоваға Мемлекеттік рәміздер күніне орай жүргізіліп жатқан іс-шаралар және мемлекеттік рәміздерді пайдалану мен насихаттау жұмысы туралы есеп берді.

Өңірлер облыс әкімдерінің қатысуымен жастар форумдарын өткізгенін айта кету керек. Олардың барлығы да осы күннің маңыздылығын атап өтті.

Елімізде негізгі іс-шаралар бастау алды. Студенттер саябағында концерттер, автошерулер және танымдық флэш-мобтар өткізілді.

Студенттер саябағында өткен концерттік іс-шараны Астана қаласының мәдениет басқармасы мен жастар мәслихаты ұйымдастырды.

«Халқымыз үшін бұл үлкен маңызға ие болғандықтан, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздерінің 25 жылдығына арналған концерттік іс-шараны ұйымдастыру біз үшін үлкен құрмет.  Қала жастары мен азаматтары осы мерекені есте сақтап жүруі үшін іс-шараның патриоттық мәні бар. Мемлекеттік рәміздер ұлтымыздың, еліміздің бейнесі. Біз Жастар мәслихатының депутаттары ретінде қалалық деңгейде осы сынды іс-шараларды үнемі өткізіп отыруымыз керек. Осындай мүмкіндік беріп отырғаны үшін әкімдікке зор алғысымызды білдіреміз. Қалалық деңгейде осындай іс-шараларды ұйымдастыру мүмкіндігіне жастар ұйымдарының барлығы бірдей ие бола бермейтінін білеміз», - деп бөлісті ұйымдастырушы, Астана қаласы Жастар мәслихатының депутаты Дана Кубенова.  

Сондай-ақ, биылғы жылдың 1 маусымында ұйымдастырушылар қала тұрғындарымен сауалнама және автошеру өткізгенін де айта кеткен жөн.

Осылайша, жастар мәслихатының хабарлауынша, сауалнамаға 200-ге жуық адам тартылған. Сауалнама еліміздің Мемлекеттік рәміздерін: Ту, Елтаңба және Әнұранды білуін тексеру мақсатында жүргізілген болатын. Соның нәтижесі көрсетіп отырғандай, осы 200-ге жуық адамның 85%-ға жуығы білімін оң жағынан көрсетті.  Іс-шара 25 спорттық автомобильдің флешмобымен жалғасты. Ресми және концерттік бағдарламадан кейін мереке логотиптері бар шарлар ұшырылды. Концертке қазақстандық эстрада жұлдыздары қатысты.

Автошеруге келетін болсақ, сағат 13:00-де қалада спорттық автомобильдер шеруі өтті.

Елорданың сол жағалауында: Қажымұқан – Тәуелсіздік – Сарайшық - Қошқарбаев – Достық – Қабанбай батыр – Сарайшық – Шалқыма – Ташенов бағдары бойынша 25 спорттық автомобиль жүріп өтіп, "Қазақ Елі" монументінің алдына тоқтады. «Студенттер» саябағында Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздерінің 25 жылдығына арналған концерт өтті.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских осы бастаманы қолдап, іс-шараға арнайы келді. Ол мемлекеттік рәміздеріміз – еліміздің мызғымас тірегіміздің бірі, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы, Мемлекеттік Елтаңбасы мен Әнұраны – тәуелсіздігімізді айқындайтын қасиетті нышандарымыз екенін айтты. 

«Бүгінгі күн, расында, өте маңызды. Өте керемет күннің бірі деп есептейміз. Бүгінгі таңда мемлекеттік рәміздерімізге 25 жыл толғалы отыр. Оның ішінде Елбасымыздың бастауымен, оның салиқалы саясатының арқасында біздің рәміздеріміз көптеген жерде туымыз көкке жоғары көтеріліп, біраз жерлерде өзін көрсетіп жүр. Яғни, бұл спорт саласында болсын немесе үлкен саяси бастамаларымызда болсын, еліміздің көк байрағы өзін жан-жақты танытып жүр», - деп атап өтті депутат Г. Шиповских.

Іс-шараға Отанымыздың жас қорғаушылары – «Жас Ұлан» және өзге де мектептердің тәрбиеленушілері қатысты.

Астана қаласының Қорғаныс істері департаменті де ұйымдастырушылармен бірлесіп іс-шара өткізді.

Астана қаласы қорғаныс істері департаменті бастығының орынбасары, полковник Бахтияр Пернебеков қалада өткізіліп жатқан іс-шаралардың маңыздылығын атап өтті.

«Мемлекеттік рәміздердің 25 жылдығына орай өткізіліп жатқан іс-шараның басты мақсаты – жастарды тәрбиелеу және біздің ертеңгі күніміз жастардың қолында екенін көрсету. Біздің еліміздің, болашағымыздың беделін арттыру солардың қолында. Біздің рәміздеріміз – мемлекеттік ту мен әнұранды шет елдерде танып біліп жатады. Қазір әскери-патриоттық клубтар пайда болып, оларға ұлттық ұлан, десанттық-шабуылдау бригадалары қатысады. Мұндай іс-шараларды неліктен өткіземіз? Бірінші кезекте, жас буын өз мемлекетін сүюі тиіс. Олардың арқасында Қазақстан гүлденіп, өркендей береді. Біз жоспарлаған жоғары деңгейге әлі қол жеткіземіз», - деп атап өтті Б. Пернебеков.

Іс-шаралар 5 маусымға дейін жалғаспақ. Сондықтан, қала тұрғындары өздерінің демалыс күндерін Мемлекеттік рәміздердің 25 жылдығына арналған іс-шараларға қатыса отырып өткізуін қалаймыз. 

Шынында да, Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіз әрі жас мемлекетіміздің тірегі. Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Әнұран және Елтаңба біздің тәуелсіздігімізді, мемлекетіміздің біртұтастығын және ұлт бірлігін паш ететін қасиетті нышандар болып табылады. 

Елтаңба, Ту және Әнұран – үлкен жеңістер мен жетістіктердің символы.

Қазақстанның көк туын желбіретіп, әнұранын асқақтатқан ұлы көшбасшыларымыздың, әйгілі спортшыларымыздың, батырларымыздың бойын билейтін мақтаныш сезімі, қуаныш пен патриоттық сезім әр адамға тән болуы тиіс.

Ақбота Күзекбай


Back to the list