02.06.2017
1992 жылғы 4 маусымда тұңғыш рет тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері бекітілген еді. Бұл күн еліміздің тарихында жаңа мемлекеттік рәміздердің туған күні ретінде мәңгі қалмақ.
«Халқымыз үшін бұл үлкен маңызға ие болғандықтан, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздерінің 25 жылдығына арналған концерттік іс-шараны ұйымдастыру біз үшін үлкен құрмет. Қала жастары мен азаматтары осы мерекені есте сақтап жүруі үшін іс-шараның патриоттық мәні бар. Мемлекеттік рәміздер ұлтымыздың, еліміздің бейнесі. Біз Жастар мәслихатының депутаттары ретінде қалалық деңгейде осы сынды іс-шараларды үнемі өткізіп отыруымыз керек. Осындай мүмкіндік беріп отырғаны үшін әкімдікке зор алғысымызды білдіреміз. Қалалық деңгейде осындай іс-шараларды ұйымдастыру мүмкіндігіне жастар ұйымдарының барлығы бірдей ие бола бермейтінін білеміз», - деп бөлісті ұйымдастырушы, Астана қаласы Жастар мәслихатының депутаты Дана Кубенова.
2017 жылғы 1 маусымда ұйымдастырушылар автошеру және қала тұрғындарымен сауалнама жүргізгенін айта кету керек.
Дана Кубенованың айтуынша, іс-шараға 200-ге жуық адам қатысқан. Сауалнама еліміздің Мемлекеттік рәміздерін: Ту, Елтаңба және Әнұранды білуін тексеру мақсатында жүргізілген болатын. Соның нәтижесі көрсетіп отырғандай, осы 200-ге жуық адамның 85%-ға жуығы білімін оң жағынан көрсетті.
Бүгінгі іс-шара 25 спорттық автомобильдің флешмобынан басталмақ. Ресми және концерттік бағдарламадан кейін мереке логотиптері бар шарлар ұшырылады.
Концертке Алмас Кішкенбаев, Ринат Мальцагов, ағайынды Жүгінісовтер және басқа да эстрада өкілдері қатысады.
Іс-шара соңында автошеруге қатысушылар қала көшелерімен – Студенттер саябағынан бастап қаланың Сол жағалауына дейін жүріп өтпек.
Ақбота Күзекбай