27.10.2016
Бундестаг депутатымен кездесу барысында Мемхатшы Қазақстан Тәуелсіздіктің 25 жылдығын тойлауға дайындалып отырғанын айтты.
«Келесі жылы Қазақстан мен Германияның дипломатиялық қарым-қатынасының 25 жылдығы тойланады. Осы уақыт ішінде айтарлықтай өзгерістер болды. Кедейлік халықтың 47 пайызын құраған кездер болатын. Қазір бұл көрсеткіш 2-3 пайызды құрап отыр. Әрине, Германиямен өзара қарым-қатынаста біз ерекше назарды сауда-экономикалық байланысқа аударамыз. Соңғы жылдары сауда айналымы 2 млрд долларды құрады. Біз қазір 5 ірі компаниямен жаңа жобаларды жүзеге асыруға келіссөз орнатып жатырмыз», - деді мемхатшы.
Тараптар ҚР мен ЕО арасындағы ынтымақтастықты кеңейту келісіміне ерекше көңіл бөлді. Атап айтсақ, келісімді жүзеге асыру өзара сауда көлемінің артуына себеп болады.
«Келесі жылы бізде ауқымды ЭКСПО-2017 көрмесі өтеді. Біз германиялық тарапқа ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамыз. Германиялық павильон 2017 жылдың 12 шілдесінде ашылады», - деді Г.Әбдіқалықова.
Оның айтуынша, Қазақстанда өмір сүріп жатқан этникалық немістермен ынтымақтастыққа ерекше көңіл бөлінеді.
Қорытындысында Мемхатшы Бундестаг депутатына Қазақстан мен Германия арасындағы диалогтың нығаюына үлес қосқаны үшін алғыс айтты.
Сурет: Бауыржан Жуасбаев