20.10.2016
Жиналыс барысында өңірдің дамуы, жүйе құрушы кәсіпорындардың қызметі, сондай-ақ ғылыми ұйымдардың ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық жобалары мен әзірлемелерін енгізу мәселелері талқыланды.
А. Мамин ШҚО еліміздің индустриялық орталығы болып табылатынын және өңірдің өнеркәсіптік секторын дамыту мәселелері Мемлекет басшысының және Үкіметтің тұрақты бақылауында екенін атап өтті.
Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары ШҚО-ның жүйе құрушы кәсіпорындарының жұмысындағы бірқатар проблемаларды шешу үшін өңірге делегация құрамында Министрліктердің, ұлттық холдингтер мен компаниялардың басшылары келгенін хабарлады.
«Өңірдің жүйе құрушы кәсіпорындарын дамыту, жаңа өндірістер ашу, жаңа жұмыс орындарын ашу қажет», - деді А. Мамин.
Сондай-ақ, жиналыста облыс әкімі Д. Ахметов, «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ, «Қазцинк», «Kaz Minerals» ЖШС басшылары да сөз сөйледі. Олар өңірдегі және басқарып отырған кәсіпорындарындағы ағымдағы жағдай туралы баяндады.
ШҚО-ның ең ірі кәсіпорындары өнеркәсіптік тауарлар көлемінің 65 %-ына дейін қамтамасыз етеді.
Ағымдағы жылғы тоғыз ай қорытындылары облыс экономикасының негізгі салаларындағы дамудың оң динамикасымен сипатталады. Өнеркәсіптік өнім өндірісінің көлемі өткен жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 143 %-ға өсіп, 1 трлн 62 млрд теңгеден асқан.
ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары ШҚО-ға жұмыс сапары аясында «Ұлба металлургиялық зауыты» АҚ, «Қазцинк» ЖШС, «КазРосПромАрматура» ЖШС өндірістік алаңдарында және «Азия Авто Қазақстан» АҚ құрылыс алаңында болды.