• usd 0.00%
    432.93
  • eur 0.00%
    496.18
  • rub 0.00%
    5.7
  • gbp 0.00%
    587.4
  • cny 0.00%
    68.07
Алматыда 2020 жылға дейін студенттерге  12 жатақхана салу жоспарланған 19.10.2017

«Алматы Жастары» бағдарламасының басты ерекшелігі пайыздық төлемнің төмендігінде, яғни жобаға қатысушыларға жылдық мөлшерлемесі 5% болатын 10 млн теңгеге дейінгі жеңілдікті заем беріледі. Бағдарлама бойынша несиені қайтару мерзімі 3 жылдан 25 жылға дейінгі аралықта төлем қабілетіне қарай жеке жасалады.

Шара барысында Алматы әкімі Бауыржан Байбек Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биылғы жыл Алматыда «Жастар жылы» деп жарияланғанын, соның аясында жастардың мегаполистегі өмірге бейімделуіне, жан-жақты дамуына, тұлға болып қалыптасуына оң ықпал ететін тиісті Жол картасының жүзеге асып жатқандығын атап өтті.

«Бүгінгі күні қалада 35 жасқа дейінгі жастар саны – 800 мың адам.  Жастар үшін барынша маңызды және өзекті мәселе – жеке тұрғын үйге қол жеткізу. «Алматы Жастары» атты жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасын енгізу үшін қазірдің өзінде жергілікті бюджеттен 1 млрд теңге бөлінді. Оның үстіне, бұл жоба жастарды ынталандырудан бөлек қала тұрғындары ақшасының Алматыда қалуына да ықпал етеді. Жеңілдетілген заемді тек Алматы қаласында ғана алғашқы үйді сатып алуға жұмсауға болады. Яғни, осы қаржы есебінен құрылысшылар мен жұмысшыларға жалақы төленеді, кәсіпорындарға тапсырыс беріледі, құрылыс компаниялары қала бюджетіне салық төлейді», - деп атап өтті Б.Байбек.

Айта кетерлігі, бағдарлама аясында бірінші кезекте жұмыс істейтін жастар ынталандырылады. Қала ұйымдарында жұмыс істейтін жастардың әр жылының өтіліне 1 ұпай есептеледі, ал егер жас адам әлеуметтік салаларда, мысалы мектепте немесе балабақшада еңбек етсе, оның еңбек өтілінің ұпайы екі еселенеді. Әлеуметтік мүмкіндігі төмен жандар үшін де жеңілдетілген жағдай жасалған, олардың қатарына көп балалы отбасылар, 1 және 2-топ мүгедектері, толық емес отбасылар, ата-анасы жоқ балалар және басқалар кіреді

Қала билігі «Алматы» ӘКК ҰК» АҚ арқылы студенттер үшін жатақхана құрылысын салуды қолға алмақшы. Қазіргі кезде осы жобаға қатысуға «Алматы Менеджмент Университеті» мен С. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университеті ниет білдіруде. Алматы жастарына қолдау көрсетудің Жол картасы аясында 2020 жылға дейін 12 жатақхана салу жоспарланған. Биылғы жылдың аяғына дейін  төрт жатақхана құрылысы аяқталады.

«Біз тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесінде алғаш рет әкімдікпен салымшыларды қолдауға бағытталған келісімге қол қойып отырмыз. Бұған дейін тұрғын үй құрылысын қолдауға тырысып келсек, бұл жолы бірінші рет бағыт өзгертіп отырмыз. Бүгін біз Алматы әкімдігімен бірлесіп, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне сенетін жастар үшін арнайы осы құралды іске қосып отырмыз. Ең ірі қоржынымыздың бірі осы Алматыда. Бүгінгі күні біздің филиалда 147 мың қала тұрғынының депозиті бар, оның 50 мыңы – 20-30 жас аралығындағы жастар, есептеп көрдік. 13 мыңы биылғы жылы келді», - деп атап өтті  «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Бағдарламаға қатысу үшін 10 күн ішінде өтініш беру қажет. Оны арнайы almaty-zhastary.kz сайты арқылы жасауға болады. Авторизация үшін электронды цифрлы қолтаңбаңыз болуы керек, оны жақын маңдағы халыққа қызмет көрсету орталығынан ала аласыз.. Жас алматылық ала алатын несиенің ең жоғарғы сомасы – 10 млн теңге. Заем тек жаңа үй сатып алуға беріледі, пәтерді бағдарламаға қатысушы өзі таңдайды.


Back to the list