12.09.2017
Айналма жол учаскелерінің жобалық-сметалық құжаты мемлекеттік сараптамадан өтті. Ұзындығы 49 шақырымды құрайтын трассаның құрылысына 46 млрд теңге жұмсалады деп жоспарлануда. Қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді.
Облыс әкімдігінің ақпараты бойынша, айналып өту жолының жаңа учаскелері транзиттік көліктерге Қарағанды қаласына кірмей, айналып өтіп кетуге мүмкіндік береді. Тәулігіне облыс орталығы арқылы шамамен 22 мың автокөлік өтеді.
Жаңа автожолдың құрылысы 2017 жылдың қазан айында басталып, 2019 жылы аяқталуы тиіс.
Аппараттық жиналыста сондай-ақ республикалық маңызы бар жолдың жөнделуі де талқыланды. Барлық жұмыстар жоспар бойынша жүргізілуде, деп сендірді «ҚазАвтоЖол» филиалының басшысы.
Астана-Теміртау трассасын қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталды, жол пайдалануға берілді. Барлық бағыттардағы орташа жөндеу жұмыстары 20 қыркүйекте аяқталуы тиіс. Ал жол жиектеріндегі жұмыстар қазан айында бітеді деп жоспарлануда.