06.09.2017
Ақмолалықтардың жылыту маусымына дайындығы 90%-дан астам, бұл туралы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Виктор Радченко облыс әкімдігінің отырысында хабарлады.
Оның ақпараты бойынша, жылыту маусымына дайындық жоспарлы режимде жүріп жатыр, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік сала объектілерінің дайындығы 90%-дан астам, жөндеу жұмыстарына қарастырылған қаражат толық көлемде игерілуде.
«Ағымдағы жылғы 31 тамызға дейін облыс бойынша 629 қазандық, 762 білім беру объектісі, 597 денсаулық сақтау объектісі, 2 мыңнан астам тұрғын үй дайындалып, 50 км жылу желісі мен 40 км астам сумен жабдықтау және су тарту желісі жөнделді», - деп түсіндірді басқарма басшысы.
Бұдан бөлек, В. Радченко 115 білім беру мекемесінде ғимараттардан қазандықтарды шығару талап етілетінін айтты.
«Оларды кезең-кезеңмен шығару жоспары 2020 жылға дейін әзірленген. Ағымдағы жылы 11 білім беру ұйымында блок-модульдік қазандық салуға облыстық бюджет қаражатынан ЖСҚ әзірлеу мен мемлекеттік сараптама үшін қаражат бөлінді», – деді ол.