21.06.2017
Облыста 2,2 млн теңгеге Сарысу ауданындағы Бүркітті, Талас ауданындағы Бөлек қызыл су қоймаларын, сондай-ақ Байзақ ауданындағы Сарыкемер ауылының коллекторлық-дренаж желілерін жөндеудің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу жұмысы жүргізілуде.
12,5 млрд теңге сомасына төрт шағын су қоймасының құрылысы көзделген. Қордай ауданында құны 1,5 млрд теңгені құрайтын, жинақтау көлемі 19 млн текше метр Қалғұтты және құны 2,5 млрд теңгені құрайтын, көлемі 15 млн текше метр Ргайты су қоймаларын салу көзделген. Мерке ауданында құны 6,5 млрд теңге және көлемі 50 млн текше метр Аспара, ал Байзақ ауданында құны 2 млрд теңге және көлемі 15 млн текше метр Ақмола су қоймалары пайда болады.
«Су қоймаларының құрылысы аяқталысымен 99 млн текше метр тасқын суларды жинақтау мүмкіндігі пайда болады», - деп түсіндірді әкімдікте.
Еске сала кетейік, Жамбыл облысында «Тасқын су қаупінің алдын алу және жою жөніндегі 2017-2020 жылдарға арналған шаралар кешені» жол картасына 83 объект енген болатын.
Объектілерді қайта құруға бөлінген қаражаттың жалпы сомасы 14,4 млрд теңгені құрайды. Сондай-ақ көпірлерді, жинақтауыштарды, су өткізу құрылыстары мен қорғау бөгеттерін салу мен қайта құру, жағалауларды күшейту және өзен түптерін тереңдету жүргізілмек. Сондай-ақ 1,3 млрд теңге сомасына 48 су қоймасы мен бөгеттерді қайта құру жоспарланған.