11.03.2017
Ағымдағы жылы 37 шақырымдық 12 су нысандарына облыстық бюджеттен 995,9 млн теңге қаржы қаралған. Аталған жұмыстар аяқталған жағдайда 3005 гектарға суармалы жердің жағдайы жақсарып, 1000 гектар суармалы жер жаңадан айналымға қосылады.
Бұдан бөлек, Еуропа Қайта Құру және Даму Банкінің қаржыландыруымен Шардара ауданындағы Жаушықұм алқабын суландыру, Отырар ауданындағы Шәуілдір үстеме каналын және 368 шақырымға коллектор-дренаж жүйелерін, Ордабасы ауданындағы Р-5 каналын қайта құру жобасын іске асыру пысықталды. Нәтижесінде, 13,5 мың гектар жерді сумен қамтамасыз ету жақсарады, 20 мың гектар суармалы жер жаңадан айналымға қосылады.
Сондай-ақ, Дүниежүзілік даму банкінің қаржыландыруымен ИДЖЖ-2 бағдарламасы арқылы Мақтарал ауданында 39 757 гектар, Шардара ауданындағы 20 630 гектар және Түркістан қаласында 10 000 гектар жерге суару жүйелерінің қайта жаңарту және қайта құру бойынша жұмыстар жүргізу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда Австралиялық «SMEG» фирмасы аталған бағдарламаға жобалау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Бұдан бөлек, облысымызда суды үнемдейтін жаңа инновациялық технологияларды қолдану әдісі енгізілуде. Бұл мақсатқа облыстық бюджет есебінен 18,3 млн теңге бөлініп, Тараз қаласындағы «Қазақ су шаруашылығы» ғылыми зерттеу институты шығарған «Коллекторлық дренаждық суларды фосфогит мелиорантын пайдалану арқылы ағын судың тапшылығын азайту» жобасы өндіріске еніп отыр. Нәтижесінде, бұл облысымыздағы жалпы ағын су тапшылығын 10 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік береді.