03.03.2017
«Салық жүйесін реформалаудағы негізгі бағыттың бірі – жанама салық салу механизмін жетілдіру. Қабылданып отырған шаралар салық басқару құралдарын жақсарту арқылы салық салу базасын өсіруге және бизнесті көлеңкеден шығаруға, кезең-кезеңімен электронды шот-фактураға өтуге, ҚҚС (НДС) төмендетуге бағытталатын болады. Тағы бір басты бағыт – патент негізінде қолданыстағы арнайы салық режимдері үшін әлеуметтік салықты төмендету және болдырмау. Тиімсіз салық жеңілдіктерін оңтайландыру бойынша жұмыстар жүргізіледі. Оның қорытындысы бойынша, Қазақстанның ДСҰ-ға мүше болуы аясында, Ұйымның ережелерімен сәйкеспейтін ҚҚС бойынша жеке жеңілдіктерді болдырмауға ұсыныстар беріледі. Сонымен қатар, 2019 жылдан бастап салық және кеден тексерулері кезінде электронды аудит (Е-аудит) енгізу көзделуде. Бұл өзгерістер өз кезегінде тексерулердің шынайылығы мен бюджет түсімін арттырады», - деді Әлібек Телегенов.
Сондай-ақ, кеңеске қатысушылар жергілікті және республикалық бюджеттің кіріс бөлігінің орындалысы, салық төлеушілердің салық берешегі, камералық бақылаудың, сұйытылған газдың баға саясатына жүргізілген талдау нәтижелері, облыстағы заңдастыру қорытындылары, сауда және қызмет көрсетумен айналысатын орта және кіші бизнестің жұмыстары бойынша департаменттің 2016 жылы атқарған қызметін талқылады.
«Маған зауыттан жіберілетін баға мен жанар-жағар май құятын стансының сату бағасының арасындағы айырмашылық туралы ақпарат қажет. Егер бюджетке түсетін түсім кәсіпкерлердің алатын газ көлемімен сәйкес келсе, онда кәсіпкерге ешқандай талап жоқ. Егер айқын айырмашылық болса, кәсіпкер салық төлеуден жалтарса, не салықты кем төлесе, онда шара қолдану қажет. Мұндай мониторингті тамақ өнімдерін сататын базарларда да жүргізу қажет. Кеден және салық органдары бірігіп, әкелінетін тамақ өнімдері көтерме және бөлшек сауда бағаларымен сәйкесеме, салық қандай көлемде төленуде екендерін анықтау үшін талдау жүргізу керек», - деп атап өтті Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев.
Сонымен қатар, Ақтау қаласының геосалық картасы жаңартылды. Енді «Ақтау қаласының атқарушы билігінің геоақпараттық картасы» деп аталатын жаңа база облыс орталығының барлық атқарушы органдарын біріктіріп, кабинеттен шықпай-ақ кәсіпкерліктің барлық субъектілерінің салықтық басқарылуын жақсартуға мүмкіндік береді.