06.01.2017
Өткен 2016 жылы облыс әкімдігіне жоғарғы тұрған органдардан жалпы 8477 құжат түсіп, бұл 2015 жылмен салыстырғанда 114 құжатқа кеміген. Сонымен бірге, келіп түскен құжаттардың 5644-і бақылауға алынып, 2015 жылмен салыстырғанда 2373 құжатқа артқан. Бақылауға алынған құжаттардың 5375-сі орындалса, қалған 269 құжат орындалу барысында екен.
Арыз-шағымдар бойынша арнайы тоқталған аппарат басшысы 2016 жылы облыс әкімдігіне 3896 өтініш келгенін айтты. Оның ішінде, жеке тұлғалардан 2973, заңды тұлғалардан 923 өтініш тіркелген. Бұл 2015 жылмен (4 060) салыстырғанда 164 өтінішке кемігендігін көрсетеді. Алайда бірқатар аудан, қалаларда тұрғындардың арыздану жәйттері өскен. Мәселен, Мақтарал ауданында арыз-шағым саны 59-ға артқан (24%), Сарыағашта 53 (24%), Созақ (42%) пен Сайрамда (22%) 33 арызға, Түркістанда 25 (15%) және Арыста 10 арызға артқан (13%).
«Жалпы әрбір басқарма басшысы, өзінің жетекшілік ететін сала бойынша жауапты тұлға болып табылады. Алайда, кейбір хаттамалық тапсырмалардың орындалмауы олардың жауапкершіліктерінің төмендігін, сонымен қатар, өз міндеттерін орындауға немқұрайлылық танытатындығын көрсетеді. Осыған орай, басқарма басшыларына хаттамалық тапсырмаларды орындауға 2 апта мерзім беремін», - деді Ж.Түймебаев.
Облыс әкімі мәжілісте қаңтар айында облыс әкімінің бас инспекторларына барлық аудан, қалаларға шығып жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібін, сонымен қатар, жалпы орындаушылық тәртіпті тексеруді жүктеді. Сонымен қатар, әрбір аудан, қала әкімдері өз өңірлеріндегі проблемалардың тізбесін жасап аппаратқа ұсынуды тапсырды.