14.12.2016
Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерекесін жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар жаңа пәтерде қарсы алады. Бүгінгі таңда Ақтау қаласы бойынша тұрғын үй алуға 5 мыңға жуық адам кезекте тұр. Оның ішінде, 2 мыңға жуығы халықтың әлеуметтік жағынан қорғалмаған тобы. Соның ішінде 500 жетім-жесір мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар.
Қызыл лентаны Қазақстан Республикасы Дін істері мен азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев пен Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев қиды.
Тәуелсіздік жылдары ішінде облыстағы тұрғындар саны екі есеге, 340 мыңнан 638 мың адамға дейін өсті. Сондықтан, маңғыстаулықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету біз үшін басты басымдық болып табылады. Тұрғын үй – негізгі әлеуметтік көрсеткіш. Мысалға, 25 жыл ішінде облыста 6,3 млн шаршы метр тұрғын үй берілді.
Салыстырып қарасақ, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында тапсырылған тұрғын үйлер көлемі 116 мың шаршы метр болса, ал 2016 жылы бұл көрсеткіш 5 есеге өсіп, 645 мың шаршы метрді құрады.