13.12.2016
Облыстың барлық қалалары мен аудандарынан көру, есту, сөйлеу қабілеті және тірек-қозғалыс аппараты бұзылған 100 бала «Ақ ниет» интернатында тұрып, емдеуден өтетін болады. Балалар Өскеменнің мекеме жанында орналасқан мектептері мен колледждерінде оқиды. Оқу аяқталғаннан кейін олардың әрқайсысы мамандыққа ие болады, деп хабарлады ШҚО ақпарат орталығы.
Бірегей білім беру нысанының ашылуы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылған. Оның құрылысы өткен жылғы қазанда ШҚО әкімі Даниал Ахметовтың тапсырмасы бойынша басталған болатын. Салтанатты рәсім барысында өңір басшысы балалар мен олардың ата-аналарын осы айтулы оқиғамен құттықтады.
«Әрбір тәрбиеленуші үшін оған сәйкес бейімделген орын бар. Мектеп оқушылары әр түрлі мамандардан кешенді ем алады», - делінген хабарламада.
Сәтті әлеуметтену үшін балалар интернат қабырғасында емес, жақын маңайда орналасқан мектептерде оқитын болады. Солардың бірі тірек-қозғалыс аппараты бұзылған бабалардың білім алуы үшін жабдықталған.
Интернатта тұратын 10-11 сынып оқушылары үшін қысқа мерзімді кәсіптік курстарды ұйымдастыру жоспарлануда.