14.10.2016
Бүгінгі таңда тек 16 елді мекенде инженерлік қауіпсіздік үшін 22,1 км бөгет қойылды, деп хабарлады облыс әкімдігі.
Баяндамашының айтуынша, су тасқыны қаупі бар елдімекендерде құлақтандыру жүйелері толығымен орнатылмаған. Мысалы үшін, 110 елдімекеннің тек 47-де жергілікті хабарландыру жүйелері орнатылған. Яғни, бұл дегеніміз 47 пайыз.
«Облыстың гидротехникалық құрылыстарының жағдайы ерекше алаңдатып отыр. Аймақ территориясында 228 су шаруашылығы нысандары тіркелген»,-деді И.Күлшімбаев.
Ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап су нысандары жан-жақты тексерілуде.
Облыстағы 64 гидротехникалық құрылыс, атап айтқанда Абай ауданында 16 су нысаны, Бұқар жырау ауданында 27 су нысаны, Шет ауданында 12 су нысаны, ал Жаңаарқа, Қаражал, Осакаров аудандарында сәйкесінше 1, 2, 6 су нысаны тексерістен өтті. Солардың ішінде 16 су қоймасы әбден ескірген.
Нұрмұхамбет Әбдібеков қала және аудан әкімдеріне, АҚ және ТЖ жөніндегі облыстық қызмет басшыларына басқару органдары мен азаматтық қорғаныс күштерін, төтенше жағдайлардың алдын алу жүйелерін биылғы жылғы жұмыстарға дайындауға қатысты нақты тапсырмалар берді.
Сонымен қатар қалалар мен аудандар әкімдеріне, табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына, өзге де мүдделі мемлекеттік органдарға гидротехникалық нысандарда су бөгендері мен қоймаларын алдағы су тасқынына дайындау жүктелді.