11.10.2016
Мақтаның жаңа сұрыбы қоғамға «Ақ керуен» дәстүрлі іс-шарасында таныстырылды. Іс-шара Қарашық ауылдық округінің «Тұран» шаруа қожалығында өтті және «Түркістан» жаңа сұрыбы егілген мақта егістіктерін көруден басталды.
Осы сұрыптың ерекшеліктері туралы биология ғылымдарының докторы А. Сұлтанов және ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты А. Әлиев айтып берді.
Олар осы мақта талшығының ұзындығы кәдімгі сұрыптарына қарағанда айтарлықтай жоғары екенін атап өтті. Яғни, «Түркістан» мақтасының талшықтары 4-үлгіге жатады. Енді түркістандық кәсіпкерлер өңірдің тоқыма кәсіпорындарын жергілікті шикізатпен толықтай қамтамасыз ете алады.
Еске сала кетейік, ағымдағы жылы түркістандық мақта өсірушілер 17 мың тонна тазартылмаған мақта жинауды көздеп отыр.
Қала әкімінің орынбасары Т. Мұсаевтың айтуы бойынша, егер өткен жылы мақта егістіктері 3500 га құраса, ағымдағы жылы бұл көрсеткіш 6600 гектарға дейін ұлғайған.