05.10.2016
Бюджет қаржысынан 77 мың тонна көмір дайындалып, кесте бойынша тасымалдануда. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашов бастаған арнайы жұмыс тобының рейді барысында белгілі болды, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жалпы Талдықорғанда 113 шақырым жылу жүйелері бар. Биыл бюджет есебінен 8,6 шақырым жылу жүйелеріне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Оның сыртында инвестициялық бағдарлама есебінен «Басқуат» мекемесінің өзінде 5 шақырымдай жөндеу жұмыстары жасалды. Талдықорған қаласының Ақылбеков көшесіндегі қазандықтар пен жылу жүйелеріне де қайта жаңғырту жұмыстары жасалды.
Алматы облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бағлан Тәнекеновтің айтуынша, жылу жүйелерінің соңғы жұмыстары қазанның алғашқы онкүндігінде толық аяталады. Облыс бойынша қысқа қажет көмір көлемі 397 500 тонна. Жалпы жылыту маусымына 6,9 млрд ақша бөлініп, көмір, жанар-жағар май, мазут сатып алынған.