01.10.2016
Өңірлер арасындағы кәсіби біліктілік пен тәжірибе алмасу мақсатында Сыр өңіріне барған әулиеаталық делегация 100 мың тонна күріш сатып алу үшін арнайы келісім шартқа қол қойды.
««Тараз әлеуметтік кәсіпкерлік ұлттық корпорациясы» АҚ мен «Қызылорда әлеуметтік кәсіпкерлік ұлттық корпорациясы» АҚ-ы өзара келісім шартқа қол қойдық. Бізде күріш өнімдеріне деген сұраныс жоғары. Сондай-ақ Тараз қаласында тұрақтандыру қорының арнайы дүкендері жұмыс істейді. Онда әлеуметтік маңызды азық-түлік төмен бағамен сатылады. Біз сатып алған өнімдерімізді жәрмеңкелерде саудалаймыз. Бұл екі тарапқа да тиімді болады,-деді «Тараз әлеуметтік кәсіпкерлік ұлттық корпорациясы» АҚ директоры Шамсат Исабеков.
Ал Әулиеата өңірінен Қызылорда облысының қант сатып алуға мүмкіндігі бар. Өйткені аймақта 2 бірдей қант зауыты жұмыс істейді. Кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету үшін шаруалар биыл көктемде 6 мың гектар жерге тәтті түбір орналастырған болатын. 3 қазанна бастап өңірде қант қызылшасын жинау науқаны басталады.
Естеріңізге сала кетейік, Өңірлер арасында кәсіби біліктілік пен тәжірибе алмасу үшін Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев бастаған арнайы делегация Қызылорда облысында жүр. Екіжақты кездесу барысында ауылшаруашылық, өнеркәсіп, мәдениет салаларына байланысты бірнеше меморандумдарға қол қою жоспарланған.