03.02.2015
2014 жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға құйылған инвестиция 19,3% өсіп, құрылыс жұмыстары 16,8% ұлғайып, тауар айналымы 9,6% артты, деп хабарлады облыс әкімдігі.
10 939 жаңа жұмыс орны ашылды, оның ішінде 5 888 тұрақты жұмыс орындары.2014 жылы өнеркәсіптің нақты көлем индексі 96,1% құрады. НКИ төмендеуіне электр қуатын өндірудің азаюы әсер етті.
Өңдеу өнеркәсібіндегі төмен көрсеткіш мұнай өңдеу және түсті металлургия саласында орын алды. Өңдеу өнеркәсібінің өзге салаларында даму оң динамикасын сақтады.
«Өткен жылы шағын және орта бизнес секторын қолдау жұмыстары да белсенді жүргізілді. Жалпы өңірлік өнім аясында ШОБ үлесі 24,5% артты. ШОБ саласындағы белсенді субъектілер саны 6% өсті. ШОБ жұмыспен қамтығандар саны 9% өсті», - делінген хабарламада.
Бұдан басқа республикалық деңгейдегі ірі жобаларға жергілікті қамтуды (жергілікті тауарлар мен қызметтерді сатып өткізу) көбірек енгізу бойынша жұмыстар жасалуда. Осындай жұмыстардың бірі – «Астана ЭКСПО-2017» ҰК АҚ пен оның мердігерлері арасындағы, сондай-ақ мұнай өңдеуші компания - «Тенгизшевроил» ЖШС пен Павлодар облысы әкімдігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қою болды.
Жалпы, павлодарлық кәсіпорындар инвестициялық жобаларды іске асыру аясында сырттан импортталатын көптеген өнімдерді өздері-ақ шығаруға толық қауқарлы, дейді облыс басшылығы.
Сонымен қатар кеңесте аймақ басшылығы ел Үкіметінен өңірдің өнеркәсіптік кәсіпорындарын қолдау бойынша бірқатар қосымша шараларды қарастыруды сұрады. Атап айтқанда, ҚР Энергетика министрлігін электр қуатын Белорусь Республикасы мен Ресей Федерациясына экспорттауға ықпалдасып қол ұшын беру туралы.
Маңызды кеңес барысында аталып өткендей, өңірдің электр станцияларында қосымша қуат өндіру қоры бар, алайда оған қазіргі таңда сұраныс жоқ. Өткен жылы Екібастұз ГРЭС-1 РФ-ге 2 млрд. теңге болатын электр қуатын экспорттаған, ал биыл электр қуатын экспорттаған жоқ.
Кеңесте өңірдің ірі кәсіпорын басшылары Үкімет мүшелері алдында бірқатар өзекті проблемаларды да көтерді. Солардың бірі – Ресей экономикасының біздің нарыққа тигізіп отырған әсері туралы еді. Мәселенің мәнісі - ресейлік бәсекелестер құны 30-дан 60 пайызға дейін төмен тауарлар ұсынуы. Бағасы төмен сол тауарлар арасында біздің өңірде шығатын тауарлар да бар. Олар: кәбіл өнімі, түйіршіктелген полипропилен, каустик содасы, рубероид, болат шарлар мен құбырлар, арматура, қағаз өнімдері, гофра өнімдері және тағы басқа да тауарлар.
Сонымен қатар облыс әкімдігі, жұмыс берушілер және кәсіподақтар арасында жұмыс орындарын сақтау және өндірістік үрдістерді тұрақтандыру бойынша 7 меморандумға қол қойылды. Осындай меморандумдарды «Қазақстан алюминийі» АҚ, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ, «KSP Steel» ЖШС, «Богатырь Көмір» ЖШС және өңірдің басқа да ірі кәсіпорындары жасасты.