02.02.2015
Ақтау қаласының әкімдігі хабарлағандай, кездесуде елімізде кәсіпкерліктің дамуына мемлекет тарапынан қажетті жағдайлар жасалғаны, соның ішінде, қаламызда кәсіпкерлікті қолдау бағытында «бір терезе» қағидасы бойынша кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылғаны, қалалық әкімдік пен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ МОФ арасында өзара әріптестік туралы Келісімге қол қойылғаны айтылды.
Сондай-ақ, бүгінде ақтаулық кәсіпкерлердің өз ісін бастау мен оны жүргізу бағытында әкімшілік кедергілерді төмендетуге байланысты мәселелер қаралып жатқаны сөз болды.
Қала басшысы облыс орталығында кәсіпкерлік ісін жүргізіп, өздеріне тиесілі нысанының айналасын абаттандыруға жер телімдерін алу мәселесі заң талаптарына сай белгілі бір уақытты және қаржыны талап ететіндігін айтты. Осы мәселені жою үшін абаттандырылуы тиіс аумақтарды кәсіпкерлермен Меморандумға қол қою арқылы шешу келісілгенін атап өтті.
«Абаттандыру жұмыстарын жүргізу - қаламыз үшін өте өзекті мәселелердің бірі. Ақтау – жас, көрікті қала. Бұл бағытта бір шағын ауданды толықтай абаттандыру есебіміз бойынша 470 млн теңге жұмсалады. Сондықтан аталған жұмыстарға инвесторларды да тартуды көздейміз және кезең-кезеңімен жасауды жоспарлап отырмыз», - деген Еділ Терекбайұлы кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі негізінде қаланы абаттандыру жұмыстары қолға алынғанын айтты.
Бұдан кейін, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы М.Тлеубаев бірқатар кәсіпкерлік нысандарының айналасын абаттандыру сызбасымен таныстырды.