31.01.2015
Батыс Қазақстан облысының Ішкі істер департаментінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары полиция полковнигі Бисенқұлов Берік Байболұлының төрағалық етуімен жедел кеңес болып өтті. Жедел кеңесте Батыс Қазақстан облысы ішкі істер органдарының 2014 жылғы қызмет қорытындылары, таяу уақыттарға арналған ішкі істер органдарының басым міндеттері, сондай-ақ ішкі істер органдарындағы тәртіп, заңдылық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жағдайы талқыланды.
Кеңеске ІІД басшылығы, ІІД дербес бөліністерінің, қала, аудандық ішкі істер басқармалары, бөлімдерінің бастықтары және БҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің, төтенше жағдайлар департаментінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының басшылары қатысты.
Департамент бастығы полиция полковнигі Махамбет Абисатов криминогендік ахуалға сипаттама жасай келе, оны сауықтыруда оң динамикаға қол жеткізгенін айтып өтті. Барлық оқиғалар туралы хабарламаларды толық есепке алу және тіркеуді қамтамасыз ету, азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету жұмысы қатаң жүргізілуде екені белгілі. 2014 жылдың қорытындысы бойынша облыс бойынша жалпы мына қылмыстар саны төмендеді: ауыр және аса ауыр қылмыс (-9,2%), қарақшылық (-56,8%), ауыр дене жарақатын келтіру (-12,5%), мал ұрлығы (20,7%), қалта ұрлығы (-7,3%), тонау (-11,9%), бұзақылық (-14,2%), автомашиналарды ұрлап айдап әкету (-18,6%) және кәмелетке толмағандар тарапынан жасалған қылмыс (-23,6%).
Батыс Қазақстан облысы жол-патрульдік полиция қызметкерлері 2014 жылы азаматтардан келіп түскен 17,5 мың шақыртуларға қызмет көрсетіп, көшелер мен қоғамдық орындардан 11 мың маскүнем мен 62 есірткіге мас тұлғаларды аластатты. Орал қаласы мен Ақсай қаласының көшелері мен қоғамдық орындарында 87,5 мың құқық бұзушылықтың алды алынып, 28 іздеуде жүрген қылмыскерлер мен 9 мыңнан астам құқық бұзушы анықталып, ұсталды. 485 көше қылмыстарының «ізі суымастан» ашылды, оның ішінде: 2 қарақшылық, 3 кісі өлтіру, 11 денеге ауыр жарақат келтіру, 15 зорлау, 32 автокөлік құралдарын ұрлау, 96 тонау, 114 бұзақылық және 212 басқа да көше қылмыстары анықталды.
Жүргізілген кеңес барысында полиция полковнигі Б.Бисенқұлов Батыс Қазақстандық тәртіп сақшыларына Ішкі істер министрінің қойған талаптарын жеткізіп, ағымдағы жылғы ішкі істер органдарының қызметі Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына «Нұрлы жол – болашаққа жол» Жолдауында белгіленген ауқымды міндеттерді нәтижелі іске асыру үшін жағдай туғызуға, қызметтер мен бөліністердің жедел-қызметтік жұмыс көрсеткіштерін төмендетпей, қылмыстар туралы барлық өтініштер мен арыздарға мүлтіксіз жедел ден қоюды қамтамасыз ете отырып, қылмыстық заңның және қылмыстық сот өндірісінің жаңа үлгісіне ауысуды жалғастыруға бағытталуы тиіс екеніне назар аударды.
Кеңес нәтижесінде Ішкі істер министрінің орынбасары ІІД мен оның аумақтық бөліністерінің басшылығына құқық тәртібін және азаматтардың конституциялық құқықтарын қатаң сақтау бойынша нақты тапсырмалар берді.