15.01.2015
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дәуірбек Әбуовтың айтуынша «Байқоңыр» ӘКК» ҰК» АҚ-на еншілес «Қызылорда қаржы компаниясы» ЖШС мен «Мирас» сауда орталығының арасында жасалған әріптестік келісімге сәйкес көкөніс өнімдерінің бағасын бекітілген шекті бағамен және базар бағасынан 15-20 пайыз арзан бағада сатылуда. Сондай-ақ жаңа жыл қарсаңында «Төмен баға» логотипі ілінген 4 сауда орындары ашылған.
«Өткен жылы облыс тұрғындарын сапалы әрі арзан көкөніс пен ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында 60 жәрмеңке өткізіліп, 266 млн теңгенің өнімі нарықтағыдан 15-20 пайыз төмен бағамен сатылды», - деп басқармадан хабарлады.
Облысқа қарасты аудандар мен қалада орналасқан сауда саттық дүкендерімен әлеуметтік маңызы бар тауарларға негізсіз үстеме баға қоспау мәселесі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, сауда орындары иелерімен ынтымақтастық меморандумға қол қойылды.
Бүгінде облыстық азық-түлік нарығындағы жағдай тұрақты, қандай да бір өнімдерге сұраныстың әлеуметтік маңызы бар тауарлардың жетіспеушілігі байқалмайды.