17.12.2014
Облыс орталығында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне орай мерекелік жиын болып өтті. ШҚО әкімі Даниал Ахметов шығысқазақстандықтарды мерейлі мерекемен құттықтай отырып, мемлекеттік марапаттарды табыс етті.
«Сіздердің арқаларыңызда экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша облыс дамудың оң динамиканы көрсетіп келеді. ҮИИД бағдарламасы бойынша 6 млрд. теңгенің жобалары жүзеге асты. Агроөнеркәсіптік кешенде жалпы құны 6,5 млрд. Теңгені құрайтын бірқатар жобалар қолға алынды. Сонымен қатар, келесі жылы облыста 23 білім, 9 денсаулық сақтау, 3 спорттық нысандар салынады. Елбасымыздың тапсырмасын жүзеге асыруда облыс жоғары әлеуетке ие. Алдағы мақсаттарды орындауда шығысқазақстандықтар қомақты үлес қосатынына сенімдімін», – деді Д. Ахметов.
Мерекелік жиын барысында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы негізінде мемлекеттік және қоғамдық жұмыстарға, елдің мәдени және әлеуметтік-экономикалық дамуына, ұлтаралық достықты нығайтуда үлес қосқаны үшін «Семей машина жасау зауыты» АҚ директоры Нұрлан Омаровқа «Парасат» ордені, сондай-ақ 12 адамға «Құрмет» ордені, 24 адамға «Шапағат» медалі табысталды. Ал 8 адам Қазақстан Республикасының Алғыс хатымен марапатталды.