10.12.2014
Республикалық бюджеттен бөлінетін мақсатты трансферттерді ескере отырып, Алматының 2015 жылғы нақтылы бюджеті 331 миллиард 725 миллион теңгені құрайды. Мегаполис басшысы әлемдік экономикалық ахуалдың төмендеуіне қарамастан Алматыда барлық көрсеткіштер тұрақты екендігін атап өтті.
«Үстіміздегі жылдың соңына дейін ЖӨӨ көлемі 8 трлн. теңгеге жетіп, 6,3%-ға артады деп күтілуде. Инфляция деңгейі 7% төмен болмақ. 2015 жылдың жергілікті бюджетіне келетін болсақ, біз оны барынша оңтайландырдық. Бөлінген әрбір бюджеттік теңгенің қайтарымы мол әрі әлеуметтік,экономикалық тиімділігі жоғары болуы, жаңа жұмыс орындары құрылуы, салық төленуі тиіс», - деді Ахметжан Есімов.
Алматы әкімі шығындарды оңтайландыру әлемуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға еш кедергі келтірмейтіндігін ерекше атап өтті. Қала басшысы «Нұрлы жол» бағыты аясында мемлекеттік органдар өзара тиімділіктерін арттырулары тиіс екендігін де баса көрсетті.
«Мемлекет басшысының Жолдауы аясында Ұлттық қордан үш жыл ішінде жыл сайын 3 млрд. доллардан бөлінетін болады. Қаңтар айында Ұлттық экономика министрлігі бұл қаржыны бөледі. Біз осы бағытта барынша тиімді жұмыс істеуге тиіспіз. Бұл жол айрықтарын, арендалық тұрғын үйлерді, туризм обьектілерін салуға, көшелерді жасауға қатысты», - деді Ахметжан Есімов.
Назарларыңызға, қаланың 2014 жылғы бюджеті 303 млрд. теңге көлемінде қабылданған еді, биылғы жылдың соңына қарай Алматы бюджетінің ұлғаюы 53 млрд. теңгені құрады.