09.12.2014
«Шараның негізгі мақсаты жеке құрамды шамшырақты (маяк) дұрыс қолдануға оқыту және Каспий теңізінің қазақстандық секторында теңізде жүзу мен кеме қатынасы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін навигациялық құрал-жабдықтарды пайдалану болып табылады. Жиындар шеңберінде жарықоптикалық құралдардың тактикалық-техникалық сипаттамасын зерделеу жөніндегі сабақтар өткізілді. Онда гидрометеорологиялық және навигациялық жағдайларға бақылау жүргізу негіздері, жаңадан байқалған қауіптер мен орын алған навигациялық оқиғалар туралы кемелер мен жедел кезекшіге хабар беру амалдары мен тәртібі қарастырылды», - делінген хабарламада.
Каспий теңізінің қазақстандық секторы жағалау сызығының бойында «Меловой», «Песчаный», «Қызыл өзен», «Жоғарғы Түпқараған» және «Төменгі Түпқараған» деп аталатын бес маяк орналасқан. Бұлардың бәрі тарихи маңызға ие және Маңғыстау облысының тарихи орындары реестріне кірген. Биыл Маңғыстау облысының Баутино селосында орналасқан «Төменгі Түпқараған» маягы өзінің 150 жылдық мерейтойын атап өтті.
«Маяк қызметінің әскери қызметшілері Каспий теңізінің қазақстандық секторында теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шамшырақтарда кезекшілікті лайықты жүргізіп келеді. 2011 жылы Гидрографикалық қамтамасыз ету қызметінің кезекші диспечерін маяктың жұмыс режимі туралы хабардар етіп тұратын қашықтықтан мониторинг жасау жүйесімен жабдықталған қазіргі заманғы шамдар қондырылған жарық беру техникасына жаңғырту жасалды. Маяктар басшылыққа нақты навигациялық ахуал туралы дер кезінде ақпарат беретін байланыс құралдарымен жарақтанған», - дейді ҚР ҚК Әскери-теңіз күштері Гидрографикалық қамтамасыз ету қызметінің бастығы 3 дәрежелі капитан Мирхат Ерзин.