06.11.2014
Шар қаласы тұрғындары үшін семейліктер спорттық кездесулер, белгілі бір сала дәрігерлерінің кеңес беру қабылдауы, ауыл шаруашылық жәрмеңкесі мен халықтық тұтыну тауарларының сатылымын ұйымдастырды. Білім саласы қызметкерлері әріптестеріне инновациялық технологиялар бойынша шеберлік сыныптарын өткізді, деп хабарлайды ШҚО ақпараттық орталығы.
«Биыл алғаш рет қала мен ауыл халқы арасындағы тығыз байланыс орнату мақсатында осындай шара ұйымдастырып отырмыз. Өткен жылдары Арбалы ауданына шыққан едік. Менің ойымша, біздің «Достастық керуен» тұрақты түрде өзге аудандарға ат ізін салып тұратын болады», - дейді Семей қаласы әкімінің орынбасары Зәуреш Исабаева.
Хабарламада айтылғандай, керуен құрамымен жол тартқан семейліктер бір күндік бағдарлама дайындап, соңын қаланың шығармашылық ұжымдарының қатысуымен «Шексіз достық» атты концерттік шарамен аяқтады.