20.10.2014
Облыс әкімдігінде хабарлағандай, биыл күріштің әр гектарынан 51 центнер өнім алынып, ел қамбасына 395 мың тоннадан астам Сыр маржаны құйылды. Бұл еліміз егемендік алған жылдардың ішіндегі ең жоғарғы рекордтық көрсеткіш.
Өңірде басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарынан межелі өнім алынды. Келесі жылдың егісі үшін қажетті тұқым құйылып, төрт түлік малдың қысқа қажетті азығы жиналды. Облыс бойынша ірі қара малдың басы 263,4 мың басты құрап, уақ малдың саны 609,4 мың басқа жетті. Сүт өнімдерінің көрсеткіші 104 пайызға өсті.
Облыс әкімі Қ.Көшербаев облыстың ауылшаруашылығы саласының еңбек озаттарын 27 түрлі номинациямен марапаттап, 150 мың теңге ақшалай және заттай сыйлықтар табыстады.
Сонымен қатар, «Мал шаруашылығы саласында үздік жетістіктерге жеткен»- Жаңақорған ауданы, «Егін шаруашылығы саласында үздік жетістіктерге жеткен» - Жалағаш ауданы, «Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуде үздік жетістіктерге жеткен - Шиелі аудандары марапатталды. Ал «Агроөнеркәсіп кешенін дамытуда ең жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізген Үздік аудан» номинациясы бойынша Бірінші дәрежелі дипломын Сырдария ауданы иеленді.
Ауыл шаруашылығы саласының еңбек озаттарын марапаттау салтанаты мерекелік концертке ұласты.