• usd 0.00%
    432.93
  • eur 0.00%
    496.18
  • rub 0.00%
    5.7
  • gbp 0.00%
    587.4
  • cny 0.00%
    68.07
«Қазақстан Темір Жолы» АҚ-ның 2,6 млрд теңгелік үш активі сатылды 16.10.2014

«Электронды байқау әдісімен өткізілген саудаға ҚТЖ құрамындағы 7 компания шығарылған болатын. Тіркелген қатысушылардың болмауы себепті «БАС Балхаш 2004» ЖШС, «Биржан-Атырау» ЖШС, «Гасыр-Мангистау» ЖШС, «АК берен» ЖШС сату бойынша электронды сауда «өткізілмеген» деп танылды. Бұл уақытта «Ертыс Сервис» ЖШС, «МАК-Экибастуз» ЖШС, «Казыкурт-Юг» ЖШС жалпы құны 2,6 млрд. теңгеге сатылды»,- деп хабарлады «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС Бас директоры Серікбек Елшібеков.

Жекелей алғанда «Ертіс Сервис» ЖШС 703 млн. теңгеге сатылды. Бұл оның сатуға шығарылған бастапқы құнынан  15% жоғары. Ал «Казыкурт-Юг» ЖШС бастапқы бағасынан 1,6 есеге қымбаттап, 960,5 млн. теңгеге сатылды. «МАК-Экибастуз» ЖШС құны бастапқы сауда бағасынан 3,6 есеге қымбаттап, 1,02 млрд. теңгеге сатылды. «Ертыс Сервис» ЖШС сатып алуға 4, «Казыкурт-Юг» ЖШС сатып алуға 7, ал «МАК-Экибастуз» серіктестігін сатып алуға 6 инвестор ниет білдіріп, сауда көрігін қыздырды. Мүдделі инвесторлардың қызу саудаласып, сатуға шығарылған  серіктестік бағасын ұлғайтуы аталған активтерге деген қызығушылықтың жоғары болғандығын аңғартады.

Сатылған компаниялар бойынша тиісті келісім шарттар 2 ай ішінде толық тәмамдалады деп күтілуде. Сауда өткізілмеген деп танылған активтер таяу 10 күннің ішінде қайтадан сатуға шығарылады.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Қазақстан Республикасының Үкіметі  мен «Самұрық-Қазына» АҚ бірлесіп, 2014-2016 жылдарға арналған жекешелендірудің Кешенді жоспарын әзірлегені белгілі. Қор құрамындағы 106 актив пен нысанды, соның ішінде 64-ін 2014 жылдың соңына дейін жеке меншік сектордың қолына тапсыру көзделген. Бағдарламаны жүзеге асыру ел экономикасындағы мемлекет қатысуын азайтып, іске жеке меншік секторды молынан тарту арқылы оны барынша нығайтуға бағдарланған.

 


Back to the list