01.10.2014
«Біз Жас кәсіпкерлер мектебіне қолдау көрсетпекпіз. Өйткені шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы ел экономикасының даму кілті болып табылады. Еуразиялық банк «Даму» қорымен бұрыннан әріптестік байланыста. 2014 жылдың басынан бері «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 42 кәсіпорын қаржыландырылды. Қазір біз жас кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар ұсынбақпыз», - дейді Еуразиялық банктің ШОБ департаментінің директоры Айдын Досқараев.
Жас кәсіпкерлер мектебі еліміздің әр өңіріндегі «Даму» қорының базасында жұмыс істейді. Екі апта бойы қатысушылар бизнесті басқарудың теориясы мен тәжірибесін меңгеріп, кейін өздерінің бизнес жоспарларын дайындап, оны қорғайды. Үздік деген жобалар «Идеялар жәрмеңкесіне» ұсынылады. Арнайы құрылған комиссия іріктеуді ұйымдастырады. Комиссия құрамына бизнес және микроқаржылық және еншілес компаниялар өкілдері кіреді. «Грант иегерін Еуразиялық Банк өңірлік жеңімпаздар арасынан анықтайды. Марапаттау салтанаты 24 қазан күні Алматыда өтетін «KazFranch-2014» көрме бағдарламасы аясында өткізіледі», - деп хабарлайды қор.
«Даму» басқармасының төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, байқау комиссиясы бірнеше талаптарға назар аударады: іске асыру мүмкіндігі, жаңалығы, қаржылық негізі мен әлеуметтік маңызы.
Естеріңізге сала кетейік, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ «Бәйтерек» холдингінің құрамына берілген 10 даму институтының бірі. Қордың басты мақсаты Қазақстанда шағын және орта кәсіпкерліктің дамуын қамтамасыз ету.