18.09.2014
Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов алдымен қатарласа қойылған арнайы көліктерді қарап, танысып шықты. Оның ішінде жеңілінен бастап, өрт сөндіретін, жол талғамайтын алып көлікке дейін бар.
Үш дөңгелекті «Трэкол» – соның бірі. Құтқарушылардың айтуынша, алып техниканың мүмкіндігі шынымен зор. Ол қалың қардан да, шылқыған балшық, терең судан да қиналмай өтеді. Бүкіл жүйесі УАЗ-дың технологиясы болғандықтан, қажетті кезінде оны жөндеу қиындық туғызбайды.
«Елбасымыз өзінің халыққа арнаған Жолдауында «ХХІ ғасыр – ғылым мен техниканың заманы. Сондықтан, күштік құрылымдар заманауи құрал-жабдық, техникалармен толықтырылуы тиіс» деген болатын», - деді облыс басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы.
Осынау міндетті жүзеге асыру мақсатында бүгінде төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің құрылым бөлімшелеріне қажетті техникалар алынып отыр. Ол өрт, су тасқыны, көлік апаты секілді жағдайларда қолданылады.
Біз табиғаттың тосын мінезіне дайын болуымыз, ең алдымен, адамдарымызды, қоғам мүлкін аман сақтап қалуға күш салуымыз қажет. Сындарлы сәтте арнайы техникалардың көмегі зор болатындығы анық. Болашақта да Атырау облысы халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасын таба бермекші.