14.09.2014
Қала күні 160 пәтерлі 3 тұрғын үй пайдалануға берілді. Мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтерге жас отбасылары, жетім балалар мен мемлекеттік бюджеттік мекеме қызметкерлері ие болды. Аймақ басшысы тұрғындарға кілттерді табыстады, деп хабарлады ШҚО ақпараттық орталығы.
«Өткен жылы пайдалануға 300 мың шаршы метр тұрғын үй берілді. Бүгінгі таңда қалада 33 тұрғын үйдің құрылысы жүруде», - деді облыс әкімі.
Өскемендіктер үшін облыстық офтальмологиялық орталықтың ашылуы да маңызды оқиға болды. Мекеме мемлекеттік және жеке меншік әріптестік аясында ашылып отыр.
Жаңа медициналық мекеме мамандандырылған, хирургиялық және клиникалық-диагностикалық офтальмологиялық көмек көрсетеді.
Мекеменің ашылуына 450 млн теңге инвистиция құйылды, қондырғыларды алу үшін – 142 млн теңге бөлінді.
Орталық 2 500 шаршы метрді құрайды.
«Орталықтың басымдығы - амбулаторлық дәрежедегі катарактаға ота жасау. Бұл жерде жанарға лазерлік түзету де жүзеге асырылады. Офтальмологиялық орталық әлемдік өндірушілердің заманауи қондырғыларымен жабдықталған», - делінген хабарламада.