10.08.2014
Дәстүрлi байқауға облыстың елуден аса тауар өндiрушiлерi өз өнiмдерiн әкелдi. Байқау-көрменi облыс әкiмi Ерiк Сұлтанов ашты.
«Елiмiзде бизнестi дамытуға, кәсiпкерлердi қолдауға ерекше көңiл бөлiнiп отыр. Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлының тапсырмасымен әзiрленген Үдемелi индустриялық-инновациялық даму мемлекеттiк бағдарламасының арқасында облыста 29 жоба жүзеге асырылып, бiр мыңнан аса жұмыс орны ашылды. Бiз Индустрияландыру картасының екiншi бесжылдығына жүзден аса жобаны ұсынып отырмыз. Бүгiнгi байқау-көрмеге ең таңдаулы тауар өндiрушiлер қатысып отыр. Бұндай байқау-көрмелердiң отандық тауар өндiрушiлерге қолдау көрсетуде, сұранысты арттыруда маңызы зор», — дедi өңiр басшысы өз құттықтауында.
Байқауға қатысушылар өз өнiмдерiн «Өндiрiстiк мақсаттағы тауарлар», «Халық тұтынатын үздiк тауарлар», «Үздiк азық-түлiк тауарлары» номинациялары бойынша ұсынған. Бұл жерде облыстың зауыттары өз тауарларын ұсынды. Құрылыс материалдары, күнделiктi өмiрде тұтынатын заттар да самсап тұр. Солтүстiкқазақстандықтар шығаратын жиһаздың да түр-түрi қойылған.
Облыста өндiрiлетiн азық-түлiктiң сан түрiн көруге болады, еттен жасалған жартылай фабрикаттар, нат-сүт өнiмдерi, тәттiнiң сан түрi,макарондар, бал көрсетiлдi. Сыртта ауыл шаруашылығы техникалары қойылды.
Байқау-көрмеге қатысқан барлық тауар өндiрушiлерге алғыс хаттар табыс етiлдi.
Ал арнайы комиссия шешiмiнен кейiн байқау жеңiмпаздары анықталып, олар Астанада өтетiн “Қазақстанның үздiк тауары” республикалық байқау-көрмесiне жолдама алады.