05.08.2014
Жалпы, облыс бойынша жолаушы тасымалдайтын 12 кәсіпорын тұрақты жұмыс істейді. Өткен жылдары Шыңғырлау мен Сайхын аудандарын облыс орталығымен байланыстыратын Шыңғырлау - Орал және Сайхын-Орал бағытындағы автобус маршруттары ашылды. Ағымдағы жылы «Қазақстан елім» ЖШС қызмет ететін «Жаңақала - Орал», «Жәнібек - Орал», «Қазталов-Орал» және «Тайпақ-Орал» бағытындағы шығыны көп автобус маршруттарына бюджеттен көмекқаржы бөлінді.
Биыл әлеуметтік маңызы зор автобус маршруттарына жергілікті бюджеттен 21,0 млн. теңге бөлініп, 1 маусымға дейін соның 10,0 млн. теңгесі игерілген. Біздің өңіріміз еліміз бойынша жолы ең көп асфальтталған аймақ болып есептеледі.
Аудандарды облыс орталығымен қосатын жолдарды жөндеу жұмысын 2017 жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда өңірімізде 5 халықаралық, 2 облысаралық, 35 қалалық және 34 облыс ішілік автобус маршруты жұмыс істейді. Өткен жылдары теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтсе, биыл әуежайдағы ұшу және қону жолақтарын жаңғырту жұмысы жүзеге асырылмақ.
Бүгінде бұл жұмыстың сметалық жобасы жасақталуда, бұйырса, тамыздың ортасына таман құрылыс жұмысы басталады деп күтілуде.