04.08.2014
«ISO мемлекеттер экономикасының тиімділігін арттыруда маңызды ұйым болып табылады. ISO бағдарламасы аясында жасалған барлық алдыңғы қатарлы технологиялар баршамызға бірдей ортақ. Бұл өз кезегінде бәсекеге қабілеттілікті арттыруға көмектеседі», - деді кездесу барысында ҚҰ ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Занғал Ноғайбай.
Форумның мақсаты - 2016-2020 жылдарға арналған ISO Стратегиясы жөнінде ұсыныстар әзірлеу, зияткерлік меншікті қорғау мәселелерін талқылау, клиент мұқтаждығын қанағаттандыру. Сондай-ақ алқалы жиында ISO қатысушы елдердің нарықтық ұлттық стратегияларын дамытудың өзекті мәселелері сөз болмақ.
Алдағы форумға 20 мемлекеттің техникалық реттеу және метрология саласының топ менеджерлері қатысатындығын растаған. Олардың арасында Румыния, Хорватия, Беларусь, Албания, Латвия, Литва, Әзербайжан, Грузия және басқалары бар. Мұндай деңгейдегі ISO форумы соңғы рет 2013 жылдың маусым айында Бакуде өткен болатын.
Алқалы жиынның елімізде өтуі халықаралық стандарттаудағы қазақстандық сарапшылардың қатысу белсенділігін білдіріп, алдағы уақытта Қазақстанның әлемдік аренадағы беделін айтарлықтай көтеруге септігін тигізбек.
Еске сала кетсек, Қазақстан 1994 жылдан бастап ISO тең құқылы мүшесі болып табылады.
ISO (Халықаралық стандарттау ұйымы) халықаралық стандарттарды әзірлеумен және жариялаумен айналысатын әлемдегі ең ірі ұйым болып табылады.
Мадина Нұрбекова