31.07.2014
«Агроөнеркәсіптік кешенді қолдау мемлекеттік бағдарламасы аясында еліміз тек қана шикізаттық бидай мен дымқыл астықты сатумен шектелмей, сонымен қатар әлемдік деңгейде өнім шығару үшін осынау нан қабылдау кәсіпкерлігі іске қосылып отыр. Бұл кәсіпкерлік үшін өте тиімді, жобаны біз «ҚазАгроФинанс» АҚ-мен бірлесіп іске асырып отырмыз», - дейді «Ақтық» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі Саят Қамзыбаев.
Айта кету керек, қамба өте көп мөлшердегі астықты қабылдау мен оны сақтау мүмкіндігіне ие. Сонымен қатар, оны ұзақмерзімдік сақтаудан кейін кондициялық жағдайға жеткізе алады. Қамба астық автокөліктермен тасымалданады және оған темір жолы тасымалы да пайдаланылады.
Қамба қожайындарының айтуынша, астық қабылдау пунктінің өндірістік қуаттылығы «Ақтық» Агрофирма» АҚ-ның жалпы астық жиынына қарай есептелген. Оның жыл сайынғы жиыны 22,5 мың тонна көлемінде. Осылайша кәсіпкерлік пен оған қатысты шаруашылықтар өзіндік астықтарын сақтап қала алады.
Өз кезегінде жоба құны шамамен 713 млн теңгені құрайды. соның ішінде 529,5 млн теңгесі Ұлттық қордан бөлінген. Бұл қаражат құрылғы сатып алуға, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге және темір жол салуға бағытталған.
Сонымен қатар, жаңа нысанның құрылғылары Беларусьтен шығарылған. Оны тасымалдауда ешқандай да қиындықтардың болмағаны анық. Жаңа қамба өкілдерінің айтуынша, Кедендік одақ аясында Беларусьтен бұл дүниені тасымалдау ешқандай да қиындық тудырмақ емес.
Индира Қауметова
Суретті түсірген Азамат Әлиев