08.07.2014
7 шілдеден бастап Астана – Павлодар бағыты бойынша рейстер жиілігі 4-тен 7-ге дейін көбейіп, ал билет құны 18 мың теңгеге дейін төмендетіледі, деп ведомстводан хабарлады.
«Бұл бағытты қаржыландыру жөніндегі шешім Астана – Павлодар автомобиль жолын қайта салумен байланысты, – деп мәлімдеді ҚР Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Бекен Сейдахметов. – Жолды қайта салу жұмыстары жұртшылыққа қолайсыз жағдай туындатпау үшін рейсті қаржыландыру жылдың аяғына дейін жүргізіледі».
Атап өтетін болсақ, қазіргі кезде Көлік және коммуникация министрлігі 7 ішкі бағытты қаржыландыруда: Астана – Жезқазған – Астана, Алматы – Көкшетау – Алматы, Қарағанды – Қызылорда – Қарағанды, Өскемен – Қарағанды – Өскемен, Астана – Петропавл – Астана, Алматы – Петропавл – Алматы, Алматы – Үржар – Алматы.