12.06.2014
Жиында облыс әкімі Қ.Көшербаев аталмыш банк әлемнің 34 елінің экономикасының дамуына ықпал жасайтынын атап өтті. Банк басшысына табысты серіктестік әрі аймақтың шағын және орта бизнесті қолдау үшін алғыс айтып, Қызылордада ЕҚҚДБ өкілдігін ашуға ұсыныс айтты, деп облыс әкімдігінде хабарлады.
Өз кезегінде С.Чакрабарти Қызылорда облысымен әрі қарай бірлесіп жұмыс жасауға дайын екенін жеткізді. « Біз Қазақстанның басқа облыстарында коммуналдық жүйелердің қайта жаңғырту жобаларын жасақтаймыз. Қызылорда облысы да осы салада әріптес болуға қызығушылық білдіргеніне қуаныштымын. Сонымен қатар шағын және орта бизнесті қолдауға дайынбыз. Жалпы, Қазақстанда 7 өкілдігіміз бар. Қызылорда облысында жүзеге асып жатқан жобалардың саны өкілдік ашуға жеткен жағдайда сегізінші өкілдікті осында қуана-қуана ашамыз», - деді ол.
Атап өтейік, ЕҚҚДБ облысымыздың жолаушы тасымал жүйесінің қайта жаңғырту жобасына қаржы салды. Сонымен қатар, банк жеке бизнеске де қолдау жасауда. «Жанрос Дрилинг» ЖШС банктен 25 млн. доллар алып, мұнай-газ қондырғыларын сатып алды.
Сондай-ақ, жақында Қызылорда қаласының жылу және сумен қамту жүйелерін қайта жаңғырту бойынша келісім жасалды. Бұл жобалар көп ұзамай жүзеге асады. Банк шарттары бойынша, инвестициялау пайыздық мөлшерлемесі төмен әрі жеңілдік мерзімі бар несиелендіру бойынша бірлесе қаржыландыру негізінде жүзеге асады.
Осы жиында облыс халықының өмір сапасын жақсартатын әрі әлеуметтік маңызы зор бірқатар жобалар ұсынылды. Атап айтсақ, ҚЖЭО жылу көздерін қайта жаңғырту, цемент зауыты, қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу зауытын салу. Аталған жобаларды қайта талқылауға жақын арады С.Чакрабарти Сыр өңіріне тағы келетінін жеткізді.