09.06.2014
Петропавлда мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы салынады. Бұл жерде автокөлікті тіркеу, жүргізуші куәліктерін беру сияқты қызметтер көрсетіледі деп жоспарланған. Әзірге құрылыс басына су мен кәріздік жүйе тартылған. Облыс әкімі мердігер компания басшысына нысан басындағы жұмыстың баяу басталып жатқандығын айттып, құрылысшы санын көбейтуді тапсырды, деп облыс әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Бұдан кейін өңір басшысы С.Мұқанов атындағы қазақ-сазды драма театрында, «Метро» ойын-сауық орталығында болып, нысандардың жай-күйімен танысты.
Ерік Сұлтанов бұл күні құрылысы тоқтағалы біраз болған «Достық» орталығы мен Жамбыл-Челюскин көшелерінің қиылысында салынбай қалған 9 қабатты үйдің орнында болып, нысандарды толыққанды іске қосу мүмкіндіктерін талқылады.
Облыс әкімі тоқтаған тағы бір нысан — «Жастар үйінің" құрылысы үстіміздегі жылдың соңында аяқталуы керек. Әзірге жертөлесі ғана қаланған. Облыс әкімі «Арқау құрылыс» серіктестігінің басшысы Ғалымжан Көпішевке жаздың аз айын пайдаланып, жұмысты өндіріп істеп алуды тапсырды.