09.06.2014
Сатуға шығарылған барлық асыл тұқымды бұқалар Қазақ мал шаруашылығы және мал азығын өндіру ғылыми-зерттеу институтының (Алматы қ.) ғылыми қызметкерлері тарапынан қазіргі заманғы малды өзіндік өнімділігі бойынша бағалау әдісімен сыналған, деп «Қазагромаркетинг» АҚ –ның баспасөз қызметі хабарлады.
Сонымен бірге ғалымдар шет ел мамандарының тәжірибесіне сүйене отырып, малды дене өлшемдерін алып бағалау жұмыстарын жүзеге асырып, аккредитациядан өткен лабораторияда малдың ДНК сараптамасы өткізілді.
Онымен қоса, Қазақ мал шаруашылығы және мал азығын өндіру ҒЗИ мамандары малды іріктеп сою әдісі арқылы еттің сапасы мен оның биохимиялық құрамын анықтады.
Бүгінгі таңда отандық шаруалар асыл тұқымды малды өсіруге көңіл бөлуде. Мұндай малдың төлі ұзақ уақыт бойы өсу қарқындылығын танытып, әлдеқайда ауыр тірі салмақпен, ұшасының жоғары сапалылығымен, тез қоң жинаумен, ұрғашыларының жыл сайын төлдеу қасиеттерімен, мол сүттілігімен, ұзақ уақыт төл беру мүмкіндігімен, климатқа тез бейімделу қасиеттерімен сипатталады.