11.05.2014
Аймақ басшысы Қ. Көшербаев жасалған жұмыстың нәтижесімен танысу үшін аудан әкімінің активіне қатысты, деп Қызылорда облысының әкімдігінде хабарлады.
Облыс әкімі Қ.Көшербаев аудан активіне қатысып, жыл басынан бері атқарылған жұмыстармен танысты.
Аралға 3 айда 1,7 млн. теңге инвестиция тартылған. Осы уақыт ішінде өнеркәсіп кәсіпорындары 1,3 млн. теңгенің өнімін өндірді. Тіректі елді мекен тізбесіне кірген Сексеуіл кентіне қыруар қаржы бөлінбек.
Сондай-ақ, шағын қалалар дамыту бағдарламасы негізінде аудан орталығының көшелері жөнделіп, бағдаршам, аялдамалар салынады. Аудан әкімі күрмеуі қиын мәселелерді ұмыт қалдырған жоқ. Апатты жағдайда тұрған мектеп, ауылдық клуб, кітапханалар бар екенін айтты.
«Жағдайдың барлығымен таныспын. Аудандағы апатты жағдайдағы 8 мектептің құрылысы биыл жүреді. Ал қалған жеті мектептің қаржысын ретімен шешеміз. Жалпы ауданда осы жылы 27 әлеуметтік нысанның құрылысы жүреді», - деді аймақ басшысы.
Кәсіпкерлердің қолдауымен аудандық орталық мешіт жаңадан салынады. Өңір басшысы осы сапар барысында мешіттің іргетасын қалады.
Бұдан бөлек, жуық арада өзге нысандардың құрылысының іргетасы қаланатын болады.