04.05.2014
«2014 жылдың әскери парадына дайындық шаралары 31 наурыз күні басталды. Аз ғана уақыттың ішінде жауынгерлердің әскери біліктіліктерінің арқасында дайындық шараларын жоғары деңгейде жүргіздік. Гарнизондардағы ең үздік деген жауынгерлер мен офицерлерді іріктеп алдық. Сонымен қатар, күрделі жөндеу жұмыстарынан өткен техникаларды сақадай сай дайындап қойдық», - дейді М.Майкеев.
Оған қоса, Мұрат Майкеев ҚР Қарулы күштері қатарында қызмет ететін жауынгерлерді қабылдау үрдісіндегі соңғы өзгерістермен бөлісті.
Оның айтуынша, Жоғарғы бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен қазір жинақы, мобильді және кәсіби әскер құру мәселесіне ден қойылып жатыр. Алайда жедел шақырылымдық жауынгерлерден әлі де бас тартылмады. Әскери борышын өтейтін жасқа келген азаматтарды қарулы күштер қызметіне шақыру тоқтатылмады.
Бұдан бөлек құрлық әскерінің бас қолбасшысы ҚР әскері қатарына әйелдердің де араласу жағын айта кетті.
«Ерікті түрде әскери қызметін өтегісі келетін әйелдердің саны біздің оларды қабылдау мүмкіндігімізден анағұрлым артық. Біздің оларға беретін қызметіміз де шектеулі. Жалпы біздің менталитетімізде де әйелдердің әскер қатарында қызмет етуі көп қарастырылмайды, менің ойымша. Сол себепті біз оларды көп жағдайда медбике, іс жүргізуші және басқа да қызметтерде пайдаланамыз. Тек өте сирек жағдайда, егер ерекше көзге түскендер болса, снайпер, барлаушы секілді әскери қызметтерге тартамыз. Алайда бұл кеңінен таралмаған», - дейді М.Майкеев.
Естеріңізге сала кетейік, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні Астанадағы Қазақ елі алаңында Мемлекет басшысының тапсырмасымен әскери парад ұйымдастырылады.
Бауыржан Мұқанов