04.05.2014
2014 жылы 76,6 мың гектар жерге Сыр салысын егу жоспарланған. Қазіргі таңда соның 3 мың гектарға жуығы егілді, деп облыс әкімдігінде хабарлады.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Сырдария ауданында жұмыс сапарымен болып, «Шаған жер» ЖШС-нің егіс алқабында тұқым себу жұмыстарын көрді.
Биыл облыс бойынша 160,4 мың гектарға егiс егу межеленіп отыр. Осы жылдың егісіне облыс ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері былтыр күзде дайындық жұмыстарын бастаған.
Күріш егісіне 20,2 мың тонна тұқым дайындалды. Қолдағы тұқымның барлығы тексеруден өткізілді. Шаруалар қажетті минералдық тыңайтқыштармен толық қамтылған.
Мұнай өңдеу зауыттарынан дизель отынын жеткізуші 12 оператор белгіленді. Олар шаруаларға дизель отынын литрін 90 теңгеден жеткізіп беруде.
Сыр диқандары күріш егу жұмыстарын 1 маусымға дейін аяқтауды жоспарлап отыр.