12.04.2014
Шараға қала әкімі Ахметжан Есімов, өнер, мәдениет және руханият саласы қызметкерлері де қатысты.
Сенбілікке қатысушылардың қатарында қоғамдық және жастар бірлестігі, ПӘК мен студенттер де ат салысты, деп хабарлайды қала әкімдігі.
Қаланы тазалау мен ағаш отырғызу жұмысына ұзын саны 130 мыңдай азамат қатысты.
«Бұл өте керемет көрсеткіш, бұндай көпшілік өзге ешбір шараларда байқалмайды. Бұл дегеніңіз қала тұрғындарының табиғатқа деген қамқорлығының жоғары екенін көрсетеді. Біз қаланы көгалдандыру бойынша көптеген шаралар атқардық. Қаламыз биыл үшінші жыл қатарынан көгалдандыру бағдарламасын іске асырып келеді. Осы уақыт аралығында біз 100 мыңдай көшет отырғыздық. Биыл қураған ағаштардан тазарту жұмыстары толықтай аяқталады», - дейді әкім.
Сонымен қатар, қала басшысы қаланы тазалау мен ағаш отырғызу мегапоистегі экологиялық қауіпсіздікті сақтауға бағытталған жұмыстардың бір бөлігі ғана екенін тілге тиек етті. Мысалға, осы мақсатта қаладағы көлік құралдарының табиғи газбен жүретін түріне ауыстыру шаралары да кеңінен қолға алынуда. Метрополитеннің де қамту аумағы кеңеюде.
Сенбілік барысында 5 мыңдай көшет отырғызылды. Қаланың санитарлық ахуалын жақсарту шарасынан басқа қаланың эстетикалық көркемдігін арттыру да назардан тыс қалмақ емес.