02.10.2017
Облыста республикалық маңыздағы жолдардың 477 шақырым бөлігі жөндеумен қамтылған. «Орталық-Оңтүстік» көлік дәлізінің бөлігін қайта қалпына келтіру «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша жүргізіледі.
« Бүгінгі күнде ұзындығы 74 шақырым «Анар-Теміртау» жол бөлігін қайта қалпына келтіру толығымен аяқталды. Қазіргі таңда ұзындығы 34 шақырым «Батпақ-Баймырза» жол бөлігін қолданысқа беру жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар, ұзындығы 15 шақырым «Теміртау-Қарағанды» бағытын қалпына келтіру жалғасуда», - деді Канат Шаймин.
Оның айтуынша жолды қалпына келтіру бойынша барлық жұмыстар 2018 жылы аяқталады.Бүгінгі таңда жолдың сол жағынан ұзындығы 11 шақырымнан астам цемент-бетон қаптамасы төселді.
«Мердігер ұйым ұзындығы 9,5 шақырым жолдың оң жағын талдауға кірісті. 30 қыркүйекке қарай жолдың 5 шақырым бөлігі бетон төсеуге дайындалады. Сосын жолдың оң жағына бетон төсеу басталады», - деп хабарлады спикер.
Жұмыстарға оңтүстік-кореялық фирма жұмылдырылды.
Облыс бойынша 2700 шақырымнан астам республикалық маңызы бар жол өтеді. Оларды қалпына келтіру, жөндеу және тұтынуға 2017 жылы 19 млрд теңге бөлінді.
Бұл жылы «Жезқазған-Қарағанды» жолын көптен күткен жөндеуге қаражат табылды. Өткен жылы басталған «Жезқазған-Қызылорда» автожолындағы жөндеу жұмыстары аяқталады. «Ақтау-Бастау-Теміртау» автожолындағы түбегейлі жөндеу жұмыстары қараша айында аяқталады.