• usd 0.00%
    432.93
  • eur 0.00%
    496.18
  • rub 0.00%
    5.7
  • gbp 0.00%
    587.4
  • cny 0.00%
    68.07
Жамбыл облысында  автожолдардың жөнделуі туралы 06.06.2017

«Соңғы алты жыл ішінде жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекендердің көшелерін жөндеу мен күтіп ұстауға барлық бюджеттік қаржы көздерінен 43,3 млрд теңге жұмсалғанын, ал биыл 9,8 млрд теңге қарастырылғанын атап өтті», - деп хабарланды кеңесте.

Бұл ретте Аса өзенінің арнасы тасуы салдарынан зардап шеккен «Ақкөл-Үшарал», «Ақкөл-Қаратау», «Саудакент-Тоғызкент» автожолдары тілге тиек етілді және аталмыш жолдарды қалпына келтіру үшін жаңа жоба-құрылыс сметасын дайындап, қаржы бөлу қажеттігі сөз болды. Баяндамашы жалпы тас жолдардың талқаны шығуының бір себебін ауыр жүк көліктерінің саны мен қарқындылығының өсуімен түсіндірді.

Осы орайда, орта жөндеумен қамтылып, кепілдік мерзімінде тұрған облыстық жол телімдерінде пайда болған ақауларды жою туралы барлық мердігерлерге басқарма тарапынан ұйғарымдар беріліп, олардың уақытында жойылуы бақылауға алынған екен. Ақаулар ағымдағы жылдың 15 маусымына дейін қалпына келтірілмек.

Ол «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің 495 шақырымы аяқталғанын, құрамына 5 ДЭУ және 11 ДЭП кіретін «Қазақавтожол» мемлекеттік мекемесі 1237 шақырым жолға күтіп ұстау жұмыстарын жүргізіп жатқандығын мәлімдеді. Биыл қайта жаңғыртуға, орташа, ағымдағы жөндеуге, күтіп ұстауға 4 921,542 миллион теңге бөлініпті. Баяндамашы бұл қаражатқа қандай жұмыстар атқарылатындығын тізіп шықты.

Кәрім Нәсбекұлы қираған республикалық жолдар халықтың маңдай терімен келген көліктерінің сорына айналып отырғандығына қынжылыс білдіріп, «Жол мәселесіне әрбір тиісті тарап мейлінше жауапкершілік танытуы тиіс», – деді.

Осы орайда, өзінің тиісті сала бойынша орынбасарына, басқарма басшыларына, аудан әкімдеріне, көлікті бақылау инспекциясына нақты тапсырмалар берді.


Back to the list