31.05.2017
«Жақында ЭКСПО ашылады, осыған орай мен барлық жаңа нысандарды аралап жүрмін. Жаңа әуежайды көрдік, оның қуаттылығы 3,2 млн адамды құрап отыр, 2025 жылға қарай ол 8 млн-ға жетуі мүмкін. Қызмет көрсету сапасы мүлдем өзге деңгейге өтеді. Жаңа әуерейстер ашылды, олар Еуропа мен Азияны қамтиды. Қазақстанның барлық өңірлері «Тальго» пойыздарымен қамтылды, сағатына 150-200 км жүріп өтеді. Алматыдан бұрын 24 саған жүрсек, қазір 11 сағатқа дейін қысқарды. Бұндай вокзал посткеңестік кеңістікте бірегей, мен Еуропада да бұндайды көрмедім», - деді Президент.
Мемлекет басшысы шара барысында теміржол саласындағы еңбек қайраткерлері мен жол бөлімдерінің басшыларымен кездесіп, еңбектері үшін алғыс айтты.
Айта кетейік, Вокзал кешені алты деңгейлі, жалпы аумағы 126 мың шаршы метрлік ғимарат. Вокзалда алты жолдың торабы кіріп отыр. Ол тәулігіне 35 мың жолаушыны қабылдай алады. Вокзал жолаушылар ағынын, кезегін, қауіпсіздігін, электронды билет сату процесін интеллектуалдық басқару желісімен қамтылған. «Вокзал ресми түрде бүгін ашылғанымен, іс жүзінде ертең, 1 маусым күні алғашқы жолаушылар жолға шығады. Бірінші және екінші қабатта 740 көлікке арналған автотұрақ бар. Сонымен қатар ол жерде қызметтік-теxникалық бөлмелер орналасқан. Үшінші қабатта - шатыр астында перрон орын тепкен. Төртінші қабат ең негізгі болып саналады. Мұнда басты кіреберіс пен 10 билет кассасы, анықтама бюросы, сауда орындары бар. Бесінші қабатта фуд-корт орналасқан. Алтыншы қабатта әкімшілік кеңселер болады.
Жаңа вокзал кешенін пайдалануға беру Астана мен елордалық агломерацияны өңірлермен байланыстыру сервисін арттырады.
Қайрат Жандыбаев